Бастауыш кәсіподақ ұйымы алғаш рет «АЛАША-FEST» фестивалін ұйымдастырды

Шымкент шаһарындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының қалалық филиалының құрамына кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымы.

Бастауыш кәсіподақ ұйымы елімізде алғаш рет «Алаша-fest» фестивалін ұйымдастырды. Шараға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, әлеуметтік әріптес – Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Бахтияр Әбілұлы, Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан, Тараз қалалары мен Атырау, Қызылорда облысынан келген қолөнер шеберлері мен бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері және қала тұрғындары қатысты.

Ұлттық құндылықты ұлықтаған іс-шарада көне алаша мен ұлтымыздың тоқыма үлгілері, жіп иіруге арналған ұршық, өрмек түрлерін қолданатын шеберлік сағаты өтті.
Халқымыздың дүниетанымын айғақтайтын көздің жауын алатын шарада әр өңірден келген ісмерлер алаша тоқудан шеберлік сабағын өткізді. Шеберлер алаша тоқу үшін жіпті иіруден бастап, дайын болғанға дейінгі үрдістің қалай жүргізілетінін, оюлардың ерекшелігін баяндап берді. Түсіндіру барысында қала тұрғындары алаша тоқудың қыр-сырын үйреніп қана қоймай, практика ретінде ұлттық бұйымды өз қолдарымен тоқып көрді. Фестиваль екі күнге жалғасады.

Шара соңында қолөнер шеберлері өздерінің тоқылған ұлттық бұйымдары – алаша мен шашақ кәде сыйларын Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлеріне тарту етті.

Ал орталық басшылығы әр өңірден келген қолөнер шеберлерін алғыс хатпен марапаттап, құнды сыйлықтар табыстады.