«Қызмет» кәсіподағы балаларға көңіл бөліп, қолдау көрсетуде

«Мектепке жол» акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы төрағасының орынбасары Әлима Бекназарова «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымына барды.

Салтанатты жиынға «Жанұя» орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Нұркенова мен Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин қатысты.

Әлима Бекназарова бірінші сынып оқушылары Азиза Сағынтай мен Жанель Ералыны осы айтулы оқиғамен құттықтап, кәсіподақ мүшелерінің балаларына құттықтау хаттар мен материалдық көмек көрсетті.

«1 қыркүйекте бірінші сынып оқушылары үшін таңғажайып мектеп жылдары басталады. Бұл білімнің, жетістіктер мен жеңістердің, достар мен дана тәлімгерлермен, ұстаздармен кездесудің және қызықты әлемге саяхаттың басталу күні. Сендерге жаңа өмір, жаңа жол ашылады, бұл жол бақытты, жеңіл, қызықты болсын. Сендер адал достар тауып, қуанышпен білім алып, еңбекқор, ізденімпаз болуға ұмтылыңдар», -деді Әлима Бекназарова.

Қайрат Сұлтаналин қатысушыларға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді.

«Жанұя» КММ директорының орынбасары Қарлығаш Нүркенова мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнәр Ахметжанова Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағының филиалына әлеуметтік қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.