Шымкентте кәсіподақ мүшелеріне «Мектепке жол» акциясы аясында көмек берілді

Еліміздің үшінші мегаполисінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкелері кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымының ұйымдастыруымен жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында іс-шара өтті. Шарапаты мол шараға білім мекемелерінде қызмет атқаратын 10 қызметкер мен олардың мектеп жастағы балалары қамтылып, акция шеңберінде кәсіподақ мүшелерінің ұл-қыздарына қаржылай әр оқушыға 25 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. «Мектепке жол» акциясының басты мақсаты – еліміздің ертеңі балаларға қамқорлық көрсету, олардың сапалы білім алуларына қолдау болып табылады.

Қуаныштан жүздері күлімдеп, бал-бұл жанған балаларға салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қалалық ұйымы төрайымының орынбасары Валентина Ващенко білімді мыңды жығады деп, алдағы оқу жылын жақсы нәтижемен аяқтауларына кеңес беріп, ізгі тілегін білдірді.

Балалар жылындағы жалғасын тапқан игі шараға жиналған ата-аналар да өздерінің тарапынан ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, балаларының мектепке баруына ықпал еткен кәсіподақ ұйымының қайырлы істеріне өз ризашылықтарын білдіре келе, бүгінгі таңда кәсіподақ ұйымы қолдаушы күші екендігіне тоқталып, жұмыстарына табыс тіледі.

Шара соңында Валентина Ващенко балалар үшін ұйымдастырылған қайырымдылық ісіміз жыл сайын жалғасын табады деп қорытындылады.