Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Павлодар облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері талқыланған бірқатар іс-шаралар өткізді.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовпен кездесу барысында өңірдегі әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытудың келешегін талқылады. Атап айтқанда, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия қызметінің форматын жетілдіріп, оның көшпелі отырыстарын кәсіподақ алаңында және облыс аудандарында өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Облыс әкімі өз кезегінде Павлодар облысындағы кәсіподақ ұйымдарының жұмысын үйлестіретін аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қызметінің тиімділігін атап өтті.
Тараптар өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарының одан әрі дамуы әлеуметтік әріптестікке қатысушы тараптардың еңбек жағдайын жақсартуға, кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысын уақтылы төлеуге және олардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге мүдделілігіне тікелей байланысты деген ортақ пікірге келді.
Сонымен қатар, Павлодар облысында 15 салалық кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің филиалдары, 1232 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, кәсіподақ мүшелерінің саны 135 мыңнан астам адамды құрайды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында Павлодар облысы аясында әлеуметтік әріптестікті дамыту тақырыбы жалғасын тапты.
Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесі облыстағы салалық кәсіподақтар құрылымдарының іс-әрекеттерін үйлестіру жөніндегі кеңесші орган болып табылады.
Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Динара Айтжанованың айтуынша, биылғы жылдың басынан бері жасалған ұжымдық шарттардың саны бойынша Павлодар облысы Қазақстан Республикасы бойынша үздік үш аймақтың қатарынан көрінді. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда ұжымдық шарттармен қамту 6332 (96,9%) құрады, оның ішінде 1230 кәсіподақ ұйымы жұмыс істейтін кәсіпорындар болып табылады.
Облыс кәсіпорындарында 840 өндірістік кеңес жұмыс істейді, олардың құрамында кәсіподақтардың қоғамдық бақылауын 1223 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жүзеге асырады.
«Кәсіподақ орталығы бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Келісім комиссиясының барлық құрамы – жұмыс беруші және кәсіподақтар өкілдері де оқытылады. Біздің семинарларымыздың арқасында келісім комиссияларының 2500 мүшесі өз құзыреттерін арттырды. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен 40 кездесу өткізілді», – деді Динара Айтжанова.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Заң клиникасының қызметі аясында кәсіподақ заңгерлері мен медиаторлардан құралған жұмыс орындарында қабылдайтын кәсіпорындарға тікелей шығатын жылжымалы кеңес беру орталығы жұмыс істейді. Павлодар облыстық сотымен ынтымақтастық туралы меморандум аясында 2018 жылдың наурыз айынан бастап Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығы құрылды.
Кәсіподақтардың татуластыру орталығында төрт жыл ішінде заң көмегіне жүгінген 3367-ден астам азаматқа кеңес берілді, медиация тәртібімен 900-ден астам рәсім жүргізілді, оның ішінде кәсіподақ орталығы медиаторының қатысуымен 789 еңбек дауы сотқа жүгінбей-ақ қызметкердің пайдасына оң шешілді.
Ағымдағы жылдың басынан бері Павлодар облысында облыстық үшжақты комиссияның 15 отырысы өтіп, онда 36 мәселе қаралды, оның 10-ы Кәсіподақ орталығының бастамасымен болды.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері – Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марина Иванова, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ төрайымы Гүлбарам Науразбаева, «Қазметаллкәсіп» тау-кен металлургия салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасының орынбасары Раушан Даумова, «ҚазТрансОйл» АҚ оңтүстік-шығыс құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» ҚБ төрағасы Нелли Пфайфер және т.б. аймақтағы әлеуметтік және еңбек қатынастарын дамыту бойынша өз көзқарастарымен бөлісті.
Әріптестерді тыңдағаннан кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ мен оның мүше ұйымдары қызметінің негізгі мәселелеріне және Федерацияның Қазақстанда әлеуметтік және еңбек қатынастарын одан әрі дамыту жөніндегі бастамаларына тоқталды.
«Біз биылғы жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жарияладық. Федерация жоспарын белгіледі, соған сәйкес біз әлеуметтік әріптестік жүйесін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Кәсіподақтардың барлық аумақтық бірлестіктерінің алдына – әкімдер және жұмыс берушілер бірлестіктері атынан әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, өңірлік үшжақты келісімдерді талдап, оларды жетілдіру бойынша шаралар қабылдау міндеті қойылды. Өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін бұл негізгі құжат декларациялық сипатта болмауы керек. Қазақстандық кәсіпорындардың қызметкерлеріне қолайлы еңбек және тұрмыс жағдайын жасау шараларының тиімділігі оның сапалы мазмұнына байланысты. Өңірлік келісімдермен жұмысты аяқтай салысымен салалық келісімдердің тиімділігін бағалауға кірісеміз және оларды жұмыскерлердің мүддесін сақтау үшін тиісті шаралармен толтырамыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның айтуынша, әлеуметтік-еңбек саласындағы жалпы жағдай мен әрбір кәсіпорындағы әлеуметтік тұрақтылық, сондай-ақ әрбір қызметкердің әлеуметтік әл-ауқаты өңірлік және салалық келісімдердің мазмұны мен орындалуына байланысты.
Әлеуметтік-еңбек қатынастарының дамуы туралы айта келе, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы әріптестеріне ҚРКФ-ның республикалық деңгейде атқарып жатқан шаралары туралы айтып берді.
«Федерация бізге жартылай шаралардан, уақытша ымыраға келуден және саңылауларды бітеуге бағытталған ең төмен өтемақыдан, ең алдымен жалақыны өсіру арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мақсатты және жалпыұлттық саясатқа көшу керек деп санайды. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке жалақы жүйесін сапалық жағынан жақсарту бойынша ұсыныстар пакетін қалыптастырды. Еңбекке ақы төлеу бөлігінде жұмыс беруші қабылдайтын шешімдерге еңбеккерлердің ықпал ету тетіктерін жасау мақсатында біз Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 107-бабына қызметкерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып, еңбекақы төлеу жүйесін айқындайтын жұмыс берушінің актілерін шығаруды көздейтін толықтырулар енгізуді ұсындық. Сонымен қатар, біз Қазақстан Республикасының заңнамасында жалақыны жыл сайынғы индекстеу тұжырымдамасына анықтамалар мен белгілеуді, сондай-ақ ең төменгі жалақыны қалыптастыру әдістемесін қайта қарауды ұсынамыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол Федерация жүргізген талдау кәсіпорындарда еңбек дауларының туындауының негізгі факторлары қызметкерлердің жалақыға қатысты талаптары, жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлердің талаптарын елемеу, еңбек заңнамасын бұзу, әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысушылардың құқықтық мәдениетінің жеткіліксіздігі, жұмыс берушілер тарапынан жұмыскерлер алға қойған мәселелерді шешуге мүдделі болмауы, қызметкер мен жұмыс беруші арасында «кері байланыс» болмауы, сонымен қатар ұйымдарда кәсіподақтардың болмауы болып табылатынын атап өтті.
Осыған байланысты Сатыбалды Дәулеталин павлодарлық әріптестерін кәсіподақ ұйымының «Еңбек консультациялары» акциясын жүзеге асыруға шақырды. Бұл екіжақты бірлескен консультациялар, екіжақты ақпарат алмасу арналарының бір түрі. Бір жағынан жұмыс беруші кәсіподақтарға өндірісті басқару мәселелеріне қатысты мәліметтерді жіберсе, екінші жағынан кәсіподақтардан еңбек жағдайларына қатысты ақпаратты алады. Бірлескен консультациялар жүйесі кәсіпорындағы еңбек жанжалдары мен дауларының алдын алу және жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастарын құрудың жаңа форматы болып табылады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Павлодар облысына сапары барысында экономиканың түрлі салаларының өкілдері болып табылатын кәсіпорындардың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ көшбасшыларымен де бірқатар кездесулер өткізді.
«Кәсіподақтар федерациясының 26-шы съезінде біз 2025 жылға дейінгі қызмет стратегиясын қабылдадық, ол әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған. Өткен жылды бастауыш кәсіподақ ұйымдары жылы аясында өткіздік. Бастауыш ұйымдарымыз әрқашан алдыңғы қатарда, кәсіподақ мүшелерімен күн сайын араласып, бүгінгі күні әлеуметтік-еңбек қатынастарында орын алып отырған мәселелердің жүгі сіздердің мойындарыңызда екенін түсінеміз. Сондықтан Федерация тұрақты түрде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын ұйымдастырды, оның барысында кәсіподақтарымыз жұмыс істейтін 900 кәсіпорынды араладық. Осы кездесулердің арқасында біз бар жағдайдан хабардармыз. Қарапайым кәсіподақ мүшелері айтқан 600-ден астам түйткілді мәселелердің бүгінгі таңда 500-ден астамы оң шешімін тапты, қалғандарының шешімін бақылауда ұстаймыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларына.
Оның айтуынша, бір кәсіпорын аясындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының негізгі құралы ұжымдық шарттар болып табылады.
«Ұжымдық шарт – кәсіпорынның шағын Конституциясы. Ұжымдық шарттың негізін қандай әлеуметтік маңызды нормалар құрайтыны біздің бастауыш кәсіподақ ұйымдарына байланысты. Ұжымдық шарттардың жобалары жұмыс берушімен бірлесіп әзірленуі тиіс және ұжымның әрбір мүшесі оның нормаларын талқылауға қатысуға құқылы. Кәсіпорында ұжымдық шарттың болуының пайдасын, оның маңыздылығын, оны әзірлеу мен жасауда кәсіподақтың рөлін білуі өте маңызды», – дейді Сатыбалды Дәулеталин.
Жыл басынан бері Павлодар облысында еңбек даулары тіркелмегеніне қарамастан, ҚРКФ төрағасы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау көп жағдайда кәсіподақтардың, әсіресе, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметіне байланысты екенін атап өтті. Федерация өз кезегінде бастауыш ұйымдармен тұрақты кері байланыс жасай отырып, еңбеккерлердің мүддесін жоғары республикалық деңгейде алға бастыруды көздейді.
«Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» – бұл біздің кәсіподақтардың ұраны және біз оны күнделікті жұмысымызда бір бастауыш ұйым аясында, әр салада, бүкіл Федерацияда ұстанамыз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы