Ақтөбеде үшжақты комиссияның отырысы өтті

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Отырысқа «Батыс мұнай С групп» ЖШС директоры А. Даудов, «СНПС-АТК» ЖШС бас директоры У Юнхао, «Алтиес Петролеум Интернешнл Б. В» ЖШС аймақтық директоры Ким Тэен және т.б. қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде жалақы төлеу, өндірістегі жарақат және оны азайту бойынша бірқатар маңызды мәселелер қамтылды.

Жиында Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А. Әмірғалиев жұмыс орындарын сақтау, жалақыны уақтылы төлеуді қамтамасыз ету мәселелерінің әлеуметтік әріптестік аясында шешіліп жатқанын тілге тиек етті. Бастысы – еңбек адамының құқығымен мүдделерін білдіретін кәсіподақтардың үлесі атап өтілді.

Отырыста 2002 жылдың 7 айының қортындысы бойынша Ақтөбе облысы аумағындағы кәсіпорындарда 46 жазатайым оқиға болып, оның нәтижесінде 72 адам түрлі жарақаттарын алғаны айтылды. Яғни, өткен жылдың өсы мерзімімен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 13,8 пайызға артып отыр. Әсіресе, оның басым бөлігі 40,2 пайызы – 29 адам мұнай-газ саласында. Дені – жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне байланысты болып отыр. Мәселен, өндіріске бара жатқан жолдағы 4 жол көлік оқиғасынан 34 адам зардап шегіп, 2-уі қайтыс болған.

Сонымен қатар, Ақтөбе облысында 3 айдан астам уақыттан бері жұмысшыларына жалақы төлемеген мекемелер бар. Оларға қазір сот арқылы өндіру жұмыстары жүргізілуде. Ірі кәсіпорындарда жағдай тұрақты.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі жалақының уақтылы төленуін бақылауға алуды, жанжалдардың алдын алу бойынша жедел әрекет ету шараларын қабылдауды тапсырды және әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, кәсіподақ жетекшісі ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сай жұмыс орындарында өндірістік кеңес құрып, техникалық инспекторлардың жұмысын жандандыруды қолға алуды тапсырды. Өйткені, әлі күнге дейін бірқатар шағын кәсіпорындарда өндірістік кеңес құрылмай отыр.