Конституция күніне орай салалық кәсіподақ медицина қызметкерлерін марапаттады

Шырайлы Шымкент қаласында Конституция күніне орай, “SENIM” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының қалалық филиалы халық денсаулығының жақсару жолында жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан медицина қызметкерлерінің еңбектері еленіп, мереке қарсаңында марапат төрінен көрінді. Шаһардың бірқатар денсаулық сақтау саласындағы үздіктеріне салалық кәсіподақ атынан алғыс хаттар, төс белгілер мен құрмет грамоталар табыс етілді.

Салтанатты шараға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков, ақ халатты абзал жандар мен кәсіподақ активі қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек мерекелік құттықтау лебізін білдірді.

«Сіздер өңір тұрғындарының денсаулығын нығайтып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруда адал қызмет етіп келесіздер. Кәсіби маман ретіндегі Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз әрбір науқас үшін маңызды. Ұлт саулығы жолындағы жауапты қызметтеріңізге тек сәттілік пен еңбектеріңізге табыс тілеймін!» – деді Жарқынбек Айдарбекұлы.

Шара барысында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы да Ерқозы Батырбеков денсаулық сақтау саласының мамандарын құттықтап, әрқайсысының жоғары жетістіктерін атап өтіп, сый-сияпаттар табыстады.

Марапаттау рәсімінде ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласындағы адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысының нығаюына қосқан үлесі үшін ақ халатты абзал жандарға кәсіподақ ұйымы тарапынан алғы шепте жүрген өз ісінің шеберлеріне 3 төсбелгі табысталып, 5 қызметкерге Құрмет грамота мен 5 азаматшаға Алғыс хаттар табысталды.

«SENIM» кәсіподағының төсбелгісі қызметтегі адал еңбегі үшін Ермаханбетова Мадина Сейфуллақызы, Ауесханова Гүлсара Елемесқызы мен Маширова Қожахмет Намазбайұлына тапсырылды.

Қуаныш иелері мереке қарсаңында кәсіподақ тарапынан өздеріне көрсетілген қолдауы үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.