ҚРКФ төрағасы: «Кәсіподақ мүшелерін сауықтыру қызметтері халықаралық стандарттарға сәйкес болуы тиіс»

Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Мойылды» шипажайында кәсіподақ мүшелерін санаториялық-курорттық сауықтыру мүмкіндіктерімен танысты.

Шипажайда емделетін аурулардың қатарында тірек-қимыл аппараты, буын, омыртқа, сүйек, бұлшық ет және шеткі жүйке жүйесінің аурулары, радикулит, неврит, сондай-ақ асқазан-ішек аурулары, тыныс алу жолдарының аурулары, қант диабеті сияқты ауруларды аталды.

Емдеудің ерекше тиімділігі шипажайда табиғи Мойылды көлінің бар екендігінде. Көлде жоғары минералданған лайлы балшық пен тұзды ерітіндісі бар біртекті майлы пластикалық масса болып табылатын бағалы лайдың түзілуіне қатысатын Артемиа Салина шаяндары мекендейді. Олар бірге әртүрлі ауруларда күшті емдік әсер береді. Минералды жер асты сулары сауықтыру процедуралары үшін ерекше құнды болып табылады.

Шипажайдың бас дәрігері Медхат Сатыбаев ҚРКФ төрағасына шипажайдың медициналық қызметі мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Оның айтуынша, «Мойылды» шипажайы Павлодар қаласынан 10 шақырым жерде, Мойылды ауылында орналасқан. Шипажайда бір кешенге қосылған 4 жатын корпусы мен 2 емхана бар. Оның сыйымдылығы маусымда 600-ден астам, маусымаралық уақытта 530 адамға дейін жетеді.

«Шипажайда тұратын демалушылар үшін диеталық тағамды қосқанда төрт мезгіл тамақтану ұйымдастырылған. Жалпы және диеталық үстелдің мәзірі өнімдердің кең ауқымын пайдаланады. Тамақтану әдеттегі стандартты типтен VIP-бөлмелерге дейін үш залда өткізіледі. Біз шипажайда емделуді жағымды демалыспен толықтыруға тырысамыз. Шипажайда спорт залы, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, бильярд, шахмат, нард және т.б. ойнауға болады», – деді Медхат Сатыбаев.

Сонымен қатар, шипажайда физиотерапия, фитотерапия, емдік массаж, гидроколонотерапия, су асты душ-массаж, Шарко душ, айналмалы душ, пант және селен ванналары, вакуумдық массаж және т.б. қызметтері бар.

Кәсіподақ шипажайының емдеу ғимараттарын аралап шыққан ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ мүшелерінің санаториялық-курорттық емделуіне қолжетімді жағдай жасау және денсаулықтарын нығайту басымдылығын атап өтті.

«Кәсіподақ мүшелерін оңалту қызметі халықаралық стандарттарға сай болуы керек. Бір терезе қағидасы негізінде кәсіподақтың барлық мүшелерін орналастыруға мүмкіндік беретін «Ақылды шипажай» бірыңғай ақпараттық платформасын енгізіп жатырмыз. Тиісінше, барлық өтінімдерді біріктіру жеңілдіктер көлемін анықтауға мүмкіндік береді. Кәсіпорын қызметкерлері үшін санаториялық-курорттық емдеу қолжетімді әрі сапалы болуы тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасы келіп түскен өтініштерге жан-жақты талдау жасап, «Мойылды» шипажайында ақпараттық алаңды енгізуді пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар, санаториялық-курорттық базаның негізгі қорларын жаңғырту, денсаулық сақтау қызметтерін көрсетудің бірыңғай стандарттарын әзірлеу және енгізу және Федерацияның барлық кәсіподақтық сауықтыру орындарының бірыңғай брендін жасау қажеттігі айтылды.

Еске салайық, «Ақылды шипажай» бағдарламасы қазірдің өзінде ҚРКФ сегіз шипажайының үшеуінде – «Көктем», «Меркі» және «Манкент» шипажайларында қолданылуда. Барлығы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жанынан медициналық мақсаттағы әртүрлі бағыттар бойынша сегіз кәсіподақ шипажайы бар. Жыл сайын оларда қазақстандық кәсіпорындардың ондаған мың қызметкерлері денсаулықтарын жақсартады.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы