Ұжымдық шарт мәселесі кәсіподақтар алаңында қаралды

Қызылордада кәсіподақтар алаңында еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік бойынша облыстық үш жақты комиссия отырысы өтті. Аталған жиында облыс көлеміндегі ұйымдарда Ұжымдық шарт жасасу мәселесінің барысы қаралды. Комиссия отырысына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Ғ.Жаңабаев, облыстық бақылау басқармасының бөлім басшысы Б.Досымов, комиссия мүшелері, кәсіпорын өкілдері қатысты.

Комиссия отырысына комиссия төрағасының орынбасары, облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасы Мақсұт Нәлібаев халық табысын арттыру, азаматтардың еңбек ету құқығын толыққанды қамтамасыз ету және әлеуметтік диалогтың тиісті дәрежеде болуын қамтамасыз ету маңыздылығын атап өтіп, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі бірден-бір тиімді тетік – Ұжымдық шарт жасасу екендігін айтты.

Комиссия отырысының күн тәртібіне сәйкес облыстық бақылау басқармасының бөлім басшысы Б.Досымов аймақтағы еңбек қарым-қатынастарының жағдайы және ұйымдарда Ұжымдық шарт жасалуына шаралар қабылдау туралы хабарлама жасады.

Комиссия отырысына шақырылған жұмыс берушілер өкілдері тарапынан аталған мәселе бойынша жеке балабақша басшылары, мәдениет саласында меншік нысаны өзгерген мекеме басшылары ұжымдық шартты жасасу, оған өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы өзекті сұрақтар қойып, мамандармен пікір алмасты. Комиссия отырысы қорытындысымен тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді.

Айта кету керек, қазірде Қызылорда облысында жұмыс жасайтын 9291 субъектілердің 5894-де ұжымдық шарттар жасалған, бұл 63,4 пайызды құрайды.