«Еңбеккер бейнесі» акциясының кейіпкері – қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері, елордадағы қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Ешмұратова Құралай Халекетқызы

Бүкіл саналы ғұмырын тек қуыршақ театр өнері саласына арнаған Ешмұратова Құралай Халекетқызы 1945 жылы Шығыс Қазақстан облысы киелі Семей қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген.

2007 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» ашылуына себепкер болып, есімі қазақ қуыршақ театр тарихына алтын әріппен жазылды. Осы күні аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі.

1966 жылы КСРО халық артисі, педагог, қазақ драма театрының тұңғыш кәсіби режиссері, профессор Асқар Тоқпановтың шеберханасынан өтіп, Алматы қаласының Құрманғазы атындағы консерваториясын тәмамдады.

1966-1972 жылдары Алматы қаласы Республикалық қуыршақ театрының режиссері қызметін атқарды. 1974 жылы Мәскеу қаласы Мемлекеттік орталық қуыршақ театрында КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері, кеңес қуыршақ өнерінің негізін қалаушы С. Образцовтың қол астында екі жылдық жоғарғы режиссерлік курсты аяқтап, қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері атанды. 1974-1995 жылдары Алматы қаласы Республикалық қуыршақ театрының бас режиссері болды.

Қуыршақ театры саласында 55 жылдан астам еңбек етіп, осынша жыл кәсіподақ мүшесі болып келе жатқан Қ.Ешмұратованың бағындырған белестері аз емес. Белді режиссер, алғыр ұйымдастырушы ретінде ол Ә.Табылдиевтің «Жарайсың кірпі», Е. Елубаевтың «Балабек», О.Бодықовтың «Сәбираның әлегі», С.Омаровтың «Ақымақ арыстан», О. Әубәкіровтің «Келіңіздер! Көріңіздер!», Н. Гернеттің «Аладинның сиқырлы шамы», К. Чуковскийдің «Айболит», Н. Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз», С. Жүнісовтің «Атамекен», Л. Симонованың «Құдіретті сөз» сынды 100-ден аса қойылымдарды сахнаға шығарды.

Қ.Ешмұратованың өнер туындылары әлдеқашан жұрт назарына ілініп, мақтау-марапаттарға ие болды. 1978 жылы Қ.Ешмұратова сахналаған О. Бодықовтың 1000-шы «Орашалақ Ораш» туындысы Қарақалпақ елінде тойланып, халық ілтипатына оранды.1981 жылы Н. Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз», О. Әубәкіровтің «Спорт және Қожа» спектакльдерін Вьетнам, Кампучия елдеріне көрсетіп, көрермендер алғысына бөленді.1994 жылы авторы һәм режиссері болған «Қаңбақ шал» қойылымы үшін Иран Мемлекетінде өткен Дүниежүзілік қуыршақ театрлары фестивалінде «Алтын маска» құрмет наградасымен марапатталды.

2000-2015 жылдары дәл осы қойылыммен Алматы қаласы Республикалық қуыршақ театры атынан Франция, Жапония, Чехословакияда өткен Халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, жетістіктерге жетті. Ал, Мәскеу қаласындағы гастрольдік сапарда Н. Оразалиннің «Тарқамайды тойымыз» туындысын көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына ие болды.

Сондай-ақ, аталған өнер ошағы 2015 жылы театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратова атындағы «I-ші Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалін» өткізіп, өнер мерекесі қарсаңында тоғыз мемлекеттің театр басшыларымен тәжірибе жинақтап, сенімділікті нығайту мақсатында бірлесе, «EURASIA PUPPET» -«Қуыршақ театрлары ассоциациясын құру» – меморандумына қол қойды. Қазақстанмен қатар Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Тәжікстан, Италия сынды өзге елдердің қуыршақ театрлары қатысқан, сол фестиваль арнайы мамандар мен алқалы жұрттың зор алғысына ие болды.

Елордамыздың 20-жылдығы қарсаңында, 2018 жылы шілде айының 1 мен 4 аралығында, 9 мемлекеттің қатысуымен, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратова атындағы II – ші Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалін өткізді. Қазақстан қуыршақ театрларымен қатар Эстония, Сербия, Ресей, Тунис, Түркия, Босния Герцеговина, Белгия, Италия сынды өзге елдердің қуыршақ театрлары қатысты.

Белгілі режиссер шығармашылық жолында О.Бодықов, С.Омаров, О.Әубәкіров, Н. Оразалин, С.Жүнісов, Л.Хамиди, Е.Рахмадиев, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев, В.Булгаровский секілді ғасырда бір туылар ақын, жазушы, композиторлармен қызметтес болды.

Осындай озық ойлы толымды тұлға, хас мамандар Қ. Ешмұратованың режиссерлік қызметпен қатар пьеса жазуға да құштарлығын арттыра түсті. Мысалы, «Қыз Жібек» поэмасы бойынша жазған «Махаббат туралы аңыз», «Қаңбақ шал» туындыларын айтуға болады.

Өнер жолында Ешмұратова Құралай Халекетқызының еңбегі еленіп, оған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» ордендері мен медалі табыс етілді.