Дәулеталин: «Президент ұсынған бастамалардың сәтті жүзеге асуы әлеуметтік әріптестікті тиімді дамытуға байланысты»

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аймақ кәсіпорындарындағы әлеуметтік әріптестіктің дамуымен танысудан басталды. ҚРКФ басшысы сапарының бірінші нысаны Бескөл ауылындағы «Молвервис» ЖШС болды.

Бұл облыстағы сүт өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын тәулігіне 25 тонна түрлі табиғи сүт өнімдерін шығарады. Ғылыми цехтың меңгерушісі Елена Хуторнаяның айтуынша, өндіріс технологиясында емдік-профилактикалық мақсаттағы өнімдерді шығаруға баса назар аударылады – бұл «Бескольское» сауда белгісімен консерванттарсыз йодоказеинмен байытылған ашытылған сүт өнімдері. «Молвервис» өнімі қазірдің өзінде көрші облыстар мен Қазақстанның астанасында үлкен сұранысқа ие екенін кәсіпорын қызметкерлері мақтанышпен атап өтті.

Бәсекеге қабілетті отандық өнімді шығаратын өндірісте 120 адам еңбек етеді, олардың барлығы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері.

Кәсіподақ комитетінің төрағасы Ольга Краснощек атап өткендей, жұмыс берушімен бірлесіп әлеуметтік бағыттағы ұжымдық шарт қабылданған.

Әлеуметтік әріптестер кәсіпорын қызметкерлерінің денсаулығын сауықтыруды, жалақыны индексациялауды, қиын өмірлік жағдайларда әлеуметтік қолдауды және басқаларды қамтитын негізгі кепілдіктерді ескерді.

Өндіріс технологиясымен танысқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Молсервис» ЖШС ұжымымен әңгімелесті. Жұмыс беруші және кәсіпорын жұмыскерлерімен әңгіме барысында ол ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауының негізгі аспектілерін жүзеге асыруда тиімді әлеуметтік әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.

«Президент ұсынған бастамалардың сәтті жүзеге асуы әлеуметтік әріптестікті тиімді дамытуға байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде өз өнімін өндіруді одан әрі дамытуға баса назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. 2024 жылға дейін ауыл еңбеккерлерінің жалақысын 40 пайызға дейін көтеру міндеті қойылды. Бағдарламаның маңызды мақсаттарының бірі – ауыл шаруашылығындағы жұмыспен қамтуды арттыру және ауылда 458 мың жаңа жұмыс орнын ашу, сондай-ақ азық-түлік тауарларының импортын алмастыруды дамыту. Ал ең төменгі жалақының 70 мың теңгеге дейін артуы әрбір кәсіпорында, атап айтқанда, ауылдық жерлерде орташа жалақыны арттыру пайдасына тиісті қайта есептеу жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сүт-тауарлы фермаларды дамыту үшін инвестициялық бағдарламалар қарастырылған», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, жұмыс берушінің де, қызметкердің де өз жұмысына адал көзқарасының, жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамытудың арқасында кәсіпорын, сала, жалпы экономика табысты болады.

«Ең бастысы, өз өнімінің сапасына ерекше мән беретін, отандық сапалы өнім шығаратын жұмыскерлерге жұмыс беруші лайықты еңбек жағдайын жасайтын осындай азаматтар мен кәсіпорындар бар. Барлығы бір-бірімен байланысты: лайықты еңбек жағдайлары, лайықты еңбекақы – жоғары сапалы өнімнің кепілі. Егер өндірісте осы ұғымдар біріктірілсе, өндіріс те, экономика да, мемлекет те дамиды», – деп түйіндеді ҚРКФ төрағасы.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы