ҚРКФ төрағасы: «Мектеп ұрпақтардың рухани дамуының қайнар көзі болған және болып қала береді»

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Парасат» мектеп-лицейінде болып, ауыл мектебінің оқу үдерісіндегі инновациялармен және ұжымдық шарттық қатынастардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Бескөл мектеп-лицейі осыдан 17 жыл бұрын есігін айқара ашты. Мұнда оқу мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мұнда 313 бала бастауыш және орта білім алады. Ауылдағы мектеп болғанымен, оқу үрдісі мазмұны жағынан елордалық орта білім беретін үздік оқу орындарынан еш кем түспейді. Бескөлдегі «Парасат» мектебінің оқушыларын нақты ғылымдарды меңгеруге арналған интерактивті тақта мен виртуалды зертханалар таң қалдырмайды.

Білім ошағының директоры Сағат Елеукинаның айтуынша, мектеп басшылығы ұстаздардың кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыруды басты назарда ұстайды.

«Біздің ауыл мектебінде мұғалімдердің біліктілігіне мән береміз. Бүгінгі таңда оқытушылық құрамда 7 магистр, 4 магистрант, 2 шебер бар. Жас мамандарға ерекше көңіл бөліп, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасап жатырмыз. Мектеп оқушыларына сабақты мұғалімдер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері жүргізеді. Біз мектеп оқушылары мен түлектеріміздің алған білімдерінің нәтижесін мақтан тұтамыз – балалар еліміздің жоғары оқу орындарына сәтті түсуде, олардың көпшілігі грант иегерлері», – деді «Парасат» директоры.

Оның әңгімесін бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәбира Ибраева жалғастырды.

«Мектепте 81 адам жұмыс істейді, оның 76-сы кәсіподақ мүшесі. 2021-2023 жылдарға әлеуметтік әріптес – мектеп директорымен ұжымдық шарт жасастық. Аудандық, облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары – мұғалімдерге еңбек демалыстарынан басқа қосымша демалыс күндері беріледі. Мектеп жанынан мектеп жасына дейінгі балаларға арналған білім беру орталығы ашылды, оған қабылдау кезінде біздің мектеп қызметкерлерінің балаларына басымдық беріледі», – деді кәсіподақ комитетінің төрағасы.

ҚРКФ төрағасымен бірге Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының республикалық салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Айгүл Мұқашева әріптестеріне кәсіподақ ұйымының мұғалім қауымының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында атқарып жатқан шаралары туралы айтып берді.

«Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – құқықтық көмек. Өткен жылы келісу комиссияларының жұмысына қатысу арқылы 101 жеке еңбек дауын шешсек, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 223 еңбек дауын шешуге көмектестік. 2021 жылы біздің кәсіподақтың араласуының арқасында жұмыс берушілер төлемеген бір жарым миллиардқа жуық қаражат мұғалімдерге қайтарылды – бұл қосымша жүктеме үшін үстемеақы және демалыс ақысын қайта есептеу. Биылғы жартыжылдықта 1 млрд 446 мың теңге қайтарылды», – деді Айгүл Мұқашева.

Ауыл мектебіндегі жиынды қорытындылаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестік қағидаттарын табысты жүзеге асырып келе жатқан білім ошағы ұжымына алғысын білдіріп, мектептің өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу және әр баланың бойында жан-жақты, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудағы рөлін атап өтті.

«Қазіргі мектеп оқушылары – халқымыздың, еліміздің болашағы. Мемлекеттің одан әрі дамуы бүгінгі жас ұрпаққа қандай құндылықтарды сіңіруімізге байланысты. Мектеп қоғамымыздың алдыңғы және кейінгі ұрпақтарының рухани дамуының қайнар көзі болған және болып қала береді. Мұғалімдер қауымы Кәсіподақтар федерациясының жалпы мүшелерінің үштен біріне жуығын құрайды, сондықтан біз мұғалімдердің мүддесін алға бастыру және оларға қолайлы еңбек жағдайларын жасау шараларын қолдадық және қолдаймыз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Жиын соңында ҚРКФ төрағасы «Парасат» мектеп-лицейінің ұжымына түрлі-түсті принтер сыйлады. Сондай-ақ, салалық кәсіподақ ұйымы арқылы мектептің үздік мұғалімдеріне кәсіподақ санаторийлерінде санаторлық-курорттық емделуге жолдамалар табыс етілді.

ҚРКФ медиаорталығы