Еңбек адамы – Акимов Махмут Оразбайұлы

Бүгінгі айдардың кейіпкері бар өмірін шойын жолға арнаған мамандықтың адал иесі, «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС-ң қызметкері, 1998 жылдан бастап кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан – Акимов Махмут Оразбайұлы.

Кейіпкеріміз 1967 жылы 22 қаңтарда Онтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Ол «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС-ң Арыс атқыштар командасында 1988 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс атқарып келеді. Махмут Оразбайұлы саналы ғұмырының 35 жылға жуығын теміржол саласына арнаған. Ол осы салада аянбай еңбек етіп жүрген патриот, өзінің моральдық ерікті сапалары мен кәсіби дағдыларының арқасында еңбекқорлығымен, жоғары жұмыс қабілеттілігін көрсете отырып, жеделділігімен ерекшеленген жан. Жұмыс уақытында жүктерді тасымалдау кезінде олардың сақталуын алдын алып, ұрланып кетуіне жол бермеу мақсатында, өзінің біліктілігін көрсетіп, қызметте өзін кәсіби маман ретінде түрлі қырларынан таныта білді.

Махмут Оразбайұлы өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, адал еңбегінің арқасында бірнеше марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, «Әскерилендірілген теміржол күзетіне» 90 және 100 жыл толуына байланысты төс белгілерімен, «Үздік күзетші» төс белгісімен, «Арыс қаласына қосқан үлесі үшін» төс белгісімен марапатталған, одан бөлек, «Қазақстан салалық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігіне 30 және 60 жыл толуына байланысты төс белгілерімен наградтталып, Шымкент теміржол бөлімшесі, Арыс қаласының әкімшілігінің басшылығынан Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталған. Махмут Оразбайұлы бүгінде жұбайы екеуі екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты да үлгілі отбасылардың біріне жатады.