Сатыбалды Дәулеталин: «Әлеуметтік әріптестердің тиімді өзара іс-қимылы – Әділетті Қазақстанды табысты құру кепілі»

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесіп, аймақ басшысымен бірге Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысын өткізді.

Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі алаңында алғаш рет өткен жиынға облыс әкімдігінің өкілдері, көпшілігі еңбек дауларының тәуекел картасына енгізілген 12 кәсіпорыннан жұмыс берушілер мен Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ активінің өкілдері қатысты. Аймақтық келісімнің орындалу барысы, өңірдегі еңбек қатынастарының жай-күйі, жұмысшылардың жалақысын көтеру, еңбек дауларының алдын алу және өңірдегі әлеуметтік әріптестік жүйесін одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

«Жұмысшылар мен жұмыс берушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында әлеуметтік әріптестер ұжымдық шарттар жасасу жұмыстарын жалғастыруда. Әлеуметтік-еңбек қатынастарын тиімді реттеу үшін облыста 5236 ұжымдық шарт жасалған немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қамтылуы 95,8 пайызды құрайды. Кәсіподақтар бар ұйымдарда ұжымдық шарттардың жасалуы 100 пайызды құрап отыр», – дейді мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Марат Омаров.

Кәсіпорындар қызметін тексеру нәтижелері бойынша жұмыс берушілерге заңбұзушылықтарды жою туралы 184 ұйғарым шығарылды, 106 лауазымды және заңды тұлға айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды (17,2 млн. теңге). Қабылданған шаралар нәтижесінде 698 қызметкердің құқығы қорғалып, оларға 119 млн. теңге төленді.

Ағымдағы жылдың 8 айында облыста 22 жазатайым оқиға тіркеліп, 28 адам зардап шекті. Өндірістік жарақаттарды азайту мақсатында облыста әлеуметтік әріптестер 2021-2023 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда, 1134 өндірістік кеңес жұмыс істейді, 123 кәсіпорында «Нөлдік жарақат-VisionZero» тұжырымдамасы енгізілген.

Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаевтың айтуынша, бүгінгі таңда кәсіпорындардың 65 089 қызметкері кәсіподақ қатарында болса, 1257 бастауыш кәсіподақ ұйымында жұмыс істейді.

«Жыл басынан бері білім беру, «SENIM» денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет және мемлекеттік органдарда 284 кәсіподақ мүшесі бар 11 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыс үш бағыт бойынша жүргізіледі: жұмысшылардың жалақысын арттыру, жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру және ұйымдардың ұжымдық шарттарын сапалы мазмұнмен толтыру. Атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін облыстағы жұмысшылардың орташа жалақысының 22 пайызға өскені дәлелдейді», – деді Кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев.

Әлеуметтік әріптестердің бірлескен жұмысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, жұмыс берушілер бірлестіктері және аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Келісімге негізделген.

«Кәсіподақтар федерациясы төрағасының тапсырмасы бойынша кәсіподақтардың кәсіпорын басшыларымен және жұмыс берушілер бірлестіктерімен жекелей де табанды, жүйелі жұмысы барысында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық келісімге экономиканың нақты секторы еңбеккерлерінің жалақысын индекстеу, сондай-ақ жалақының өсуімен қатар жұмыскерлердің қысқаруына жол бермеу нормалары енгізілді», – деді Ерік Нұрақаев.

ҚРКФ төрағасы Солтүстік Қазақстан облысының еңбек ұжымдарымен кездесу барысында көтерілген кейбір түйткілді мәселелерді айтты. Атап айтқанда, білім және мәдениет саласы қызметкерлеріне коммуналдық шығындар үшін қосымша өтемақы төлемдері бойынша ауылдық жерлерде заңнамалық норманы қажетті түрде жүзеге асыру туралы айтылды.

Облыс әкімі өз кезегінде бұл мәселенің алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді.

Жеке ұжым және жалпы облыс аясында әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту тақырыбын жалғастыра отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин аймақтық келісімнің сапалы мазмұны бойынша бірлесіп жүргізілген жұмыстардан кейін тараптар ұжымдық шарттардың әлеуметтік нормалары бойынша әрбір кәсіпорында, атап айтқанда кәсіподақ ұйымдары әлі жоқ жерлерде мұқият жұмысты бастау қажеттігін айтып өтті.

«Облыстағы 5 465 кәсіпорынның 5 236-сында ұжымдық шарт болса, облыста 1 257 кәсіподақ ұйымы бар. Кәсіподақтармен бірлесе ұжымдық шарт жасалған жерлерде әлеуметтік нормалардың бекітілгеніне сенімдіміз. Мәселе қалған ұжымдық шарттардың мазмұнына қатысты. Әлеуметтік әріптестіктерге ұжымдық шарттардың жобаларын құқықтық қоғамдық сараптамадан өткізуді бақылауға алуды ұсынамын», – деді Сатыбалды Дәулеталин облыстық үшжақты комиссияға қатысушылар алдында.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік әріптеспен келісіп, ұжымдық шарттарды сапалы талдау бойынша кәсіподақтармен бірлескен жұмыс облыс басшылығының бақылауымен жалғасатынын атап өтті.

Айта кету керек, атқарушы билік, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестіктің үдемелі дамуының арқасында Солтүстік Қазақстан облысында бірде-бір еңбек дауы тіркелмеген. Әлеуметтік әріптестер халықтың табысын арттыру бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыруда. Облыс әкімінің айтуынша, биылғы жылы жаңа 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру аясында 19 мың адам жұмыспен қамтылған.

Облыстық үшжақты комиссия отырысын қорытындылаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытуға лайықты көңіл бөліп отырғаны үшін алғысын білдірді. Ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларды жергілікті жерлерде жүзеге асырудың табыстылығы көп жағдайда әлеуметтік әріптестік жүйесіне қатысушылардың барлығының бірлескен қызметіне байланысты екенін атап өтті.

«Біздің айқын принципті ұстанымымыз – Президенттің қуатты да әділетті мемлекет құру бағытын қолдау және жүзеге асыру. Еңбек адамына әділ қарау – біздің ортақ міндетіміз. Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде облыс басшылығы мен кәсіподақтар тарапынан әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелерін шешуге тиісті көңіл бөлінетініне көз жеткіздік. Әлеуметтік әріптестердің тиімді өзара іс-қимылы – Әділетті Қазақстанды табысты құру кепілі», – деді ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысының соңында.

Айтпақшы, еңбек дауларының алдын алу және еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның 113 отырысы, оның ішінде 8 облыстық және 105 аудандық отырыс өткен.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы