Ұстаз – ұлағатты ұғым

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. Осы ретте еңбек адамы айдарындағы келесі кейіпкеріміз Саидов Тажимурод Миразизович.

Тажимурод Миразизович 1993 жылы 17маусымда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, Ескі Иқан ауылында дүниеге келген. 2000-2009 жылдары Ескі Иқан ауылында орналасқан «Ескі Иқан негізгі орта мектебін» үздік аттестатпен бітіріп, 2009-2012 жылдары Өзбекістан Республикасы, Ташкент қаласындағы «Мирзо Улуғбек» атындағы информатика және экономика колледжін «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар және экономика мамандығы» бойынша бітіріп шықты. Бұдан бөлек, 2013-2017 жылдары Шымкент қаласындағы Шымкент университетінде «Информатика пәні мұғалімі» бойынша өз білімін жетілдірді.

Еңбек жолын 2018 жылы Ескі Иқан ауылында орналасқан №25 жалпы орта мектебінде «Аға тәлімгер» қызметінінен бастаған. 2020 жылдан бастап осы мектептің информатика пәні мұғалімі болып жұмыс атқаруда.

2020 жылы Саидов Тажимурод Миразизович мектеп ұжымдастарының бірауыздан қолдауымен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланып, бүгінгі таңға дейін өз қызметін жоғары дәрежеде абыроймен атқарып келеді.

Тажимурод Миразизович білімді, білікті, өз ісінің шебері. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, адмгершілік, сыйластық ұғымдарын бірінші орынға қоятын, кішіпейіл, қарапайым, шыншыл, бір сөзді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары кадр, баршамен тіл табыса алатын, сабырлы , қайсар азамат. Осы қасиеттерінің арқасында мектеп ұжымы, оқушылар мен ата –аналардың ыстық ықыласына бөленген. Сондай-ақ осы салада еңбек етіп келген аз ғана уақыттың ішінде кейіпкеріміздің еңбек жолында жеткен жетістіктері жетерлік.

Атап айтсақ:
– 2018 жылы Кентау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының Алғыс хатымен;
– 2019 жылы Атадан-мұра қоғамдық қорының Алғыс хатымен;
– 2019 жылы мектеп директорының Мақтау грамотасымен;
– 2020 жылы Атадан-мұра қоғамдық қорының «Үздік ұстаз» төсбелгісімен;
– 2021 жылы «Самғау» қоғамдық қорының «Шығармашыл ұстаз» төсбелгісімен;
– 2021 жылы Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы облыстық әдістемелік орталығының Мақтау қағазымен;
– 2021 жылы «Пән олимпиадасының үздік педагогі-2021» атты ІІ республикалық олимпиадасының бас жүлде иегері, «Үздік педагог-2021» төсбелгісімен;
– 2022 жылы республикалық ғылыми-әдістемелік орталық директорының Алғыс хатымен;
– 2022 жылы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымының Алғыс хатымен марапатталған.