Шымкентте «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында білім ордасында кездесу өтті

Шымкент қаласында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының қалалық ұйымының құрамындағы №92 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымымен кездесу өтті. Кездесуге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Ермек Қаңлыбаев, салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қалалық ұйымы төрайымының орынбасары Валентина Ващенко мен бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты. Басқосуда «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында бірлесіп орындайтын іс-шара жоспары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарып жатқан жұмыстарының жайы талқыланып, әлеуметтік әріптес – мектеп директоры Бауыржан Дәрібаев пен кәсіподақ мүшелеріне бүгінгі таңдағы еңбек қатынастарында кәсіподақтың рөлі мен тиімділігі айтылып өтті.


Кездесуде сөз алған Ермек Қаңлыбаев, қатысушыларға еліміздің барлық аймақтарында өткізіліп жатқан мұндай кездесулер еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдауға, еңбеккерлердің әлеуметік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғауда, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қатынастарын реттеу және тағы басқа өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін алға тартты. Жиын соңында әрбір кәсіподақ мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, оларға тиісті жауаптар берілді. Айта кетейік, білім ошағында бүгінде 178 қызметкер жұмыс атқарады. Барлығы кәсіподақ мүшелері. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы – Анарметов Бекмұрат Дилмуратұлы.