Кәсіподақ үздік ұстаздарға қолдау көрсетті

Жаңа оқу жылы ақтөбелік ұстаздар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы білім саласының үздіктерін марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Олимпиада жүлдегерлерін, ғылыми жарыстар мен шығармашылық байқауларда топ жарып жүрген дарынды оқушылардың ұстаздары кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталып, әрқайсысы 100 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды.

Онлайн форматта өткен жиында салалық кәсіподақ төрағасы Раушан Серікова педагогтерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

«Ұстаз-ұлағатты ұғым, тағылымы терең өнер. Ұстаз- әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшыратын ерекше жан. Осындай үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған мамандық иелері қашан да құрметке лайық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, сіздердің тәлім—тәрбие берген шәкірттеріңіз талай бәйгелерде жүлде алып, өңіріміздің мерейін асырып, білім ұяларыңыздың мәртебесін асқақтатып жүр. Зияткер, зерек, жан-жақты ұрпақ өсіруге сіздердің еңбектеріңіз ерен. Әрдайым шәкірттеріңіздің құрметіне бөленіңіздер. Сіздерге мықты денсаулық, бақ- береке тілеймін. Мерейлеріңіз үстем, абыройларыңыз асқақтай берсін, ұстаздар!» – деді Раушан Серікқызы.

Кәсіподақ ұйымы педагогтердің құқығының бұзылуына жол бермейді. Мақсат –мүддесін қорғап, демалыста денсаулығын сауықтырып, мерекелерде марапаттап, марқайып жүруіне күш салады. Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы алдағы мұғалімдер күніне орай тағы 20-дан астам ұстазды марапаттауды жоспарлап отыр. Күзгі демалыста 50 педагог емдеу-сауықтыру шараларымен қамтылмақ.