Еңбеккерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері талданды

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбеков, Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қалалық филиалының төрағасы Абдурайра Манахов қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.

Жиын барысында еңбек ұжымының өзекті мәселелері талқыланып, коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбеккерлердің өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты еңбек ақыға қатысты мәселелері жайлы сөз өрбіді.

Кездесу барысында төраға орынбасары Жарқынбек Құрманбеков «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы әр кәсіподақ мүшесіне өзін толғандырып жүрген мәселелерді ашық жеткізуге мүмкіндік беретінін айтып, акция аясындағы осындай кездесулердің өзектілігіне тоқталды. Ол кәсіподақтар орталығында «Заң клиникасы» мен «Татуластыру орталығы» бүгінде кәсіподақ мүшелеріне қызмет көрсетіп жатқандығын және орталыққа жүгінген кәсіподақ мүшесі тегін заңгерлік кеңес алып, кез-келген дауларды заң аясында шешуге мүмкіндігі бар екенін хабардар етті. Сондай-ақ, басқосуда төраға орынбасары мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың соңғы Жолдауына байланысты алдағы тұрған міндеттерге, оның ішінде «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту» бағдарлары бойынша шараларды жүзеге асыруда кәсіподақ мүшелері де атсалысу керектігін алға тартты.

Кездесу сәтін пайдалана отырып, мекеменің директорының м.у.а Керімжан Примқулов пен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрбек Маликов мекемеде жұмысшылардың жалақыларының төмен екендігін алға тартып, алған еңбек ақылары бүгінде нарықтағы тауар бағасының қымбаттауына байланысты жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігіне жетпейтіндігін айттып өтті. Осы орайда, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінен тиісті органдарға ұсыныстар енгізіп, жалақыны көбейтіп беруіне оң ықпал жасауын сұрады.

Төраға орынбасары бұл мәселені назарға алып, алдағы уақытта кәсіподақ тарапынан тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Сонымен қатар, кездесуде қызметкерлердің де ұсыныстары тыңдалып, қойылған сұрақтарына жауаптар берілді.