Еңбек адамы – Түлекенов Мұратбек Баянұлы

Мұратбек Баянұлы Түлекенов 1959 жылы 19 желтоқсанда Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қоянкөз ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының математика факультетін бітірген. Еңбек жолын Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыбұлақ орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі болып бастаған.

35 жылдық педагогтік қызметінде Кербұлақ, Көксу аудандарының мектептерінде математика пәні мұғалімі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Өзінің білімі мен біліктілігінің, басқарушылық қабілетінің арқасында Мұратбек Баянұлы 1998 жылы №1 Б.Құндақбаева атындағы орталау мектебінің директоры болып тағайындалды. Сондай-ақ, Көксу ауданы әкімшілігінде жалпы бөлімнің бас маманы, Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту институтының Көксу ауданындағы аумақтық әдіскері ретінде қызмет атқарды.

2009 жылдан бастап Алматы облысы, Көксу ауданы, Қадырғали Қосымұлы Жалайри атындағы орта мектеп-гимназиясының директоры лауазымында қызметін жалғастыруда. Білікті басшы бүгінде Алматы облысы мектеп директорлар кеңесі төрағасының орынбасары және Көксу аудандық мектеп директорларының кеңесінің төрағалығын қоса атқарып келеді.

Ұзақ жылдар бойы білім саласындағы үздіксіз қызметі үшін 1994 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі», 2011 жылы «ҚР Білім беру саласының Құрметті қызметкері» атағын иеленді. 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Мұратбек Баянұлы мектепті басқаруда білім берудің жаңа үлгісін, мақсаты мен міндеттерін ұштастыра біледі және деңгейлер арасындағы байланыс, бірізділік, жүйелілік, сабақтастықтың сақталуына баса назар аударады. Жаңа заманғы мектепті басқарудың ғылымилық, демократиялық және коллегиалдық принциптеріне сүйенеді. Басшылық еткен жылдарында әлеуметтік құндылықты адамға бағыттау, яғни ұжымның әр мүшесінің жеке басын сыйлау, әрқайсысының жас ерекшелігіне, мінез-құлқына сай құрмет тұту арқылы көшбасшылықтың шыңынан көріне алды.

Бүгінгі таңда өзі басқарып отырған Қадырғали Қосымұлы Жалайри атындағы орта мектеп-гимназияның білім саласындағы жетістіктері ұшан-теңіз. Әр жыл сайын мектеп бітіруші түлектер «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері атанса, пәндік олимпиада, ғылыми жобалар байқауы, түрлі бағыттағы қашықтық олимпиадаларда, ақын-жазушылар шығармашылығына арналған байқауларда мектеп-гимназия оқушылары жоғары орыннан көрініп келеді.

Мұратбек Баянұлын Мәңгілік Елге айналған қазақстандық білімді көтеруде жаңа ақпараттық-инновациялық технологиялар арқылы оқу-тәрбие, басқару жүйесінде білім сапасын арттырудың, өзгеріс енгізе отырып, табысты мектепке айналудың маңыздылығын білетін көшбасшы, еңбек адамы ретінде үлгі тұтарлық тұлға.