Көпке үлгі кәсіподақ ардагері

«Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіподақ ұйымына қарасты Ардагерлер кеңесінің мүшесі Дастан Неязов Алматы қаласында өткен параолимпиадалық теннис біріншілігінен 1-орынды жеңіп алып, алтын медальға қол жеткізді.

Ағымдағы жылдың 16-18 қыркүйек аралығында Алматы қаласында параолимпиадалық теннис бойынша Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан біріншілігіне төрт жас ерекшеліктері бойынша 40 астам спортшы қатысып тартысты ойын көрсетті.Арбадағы теннис жазғы параолимпиадалық сайыс бойынша 16 жоғары жас ерекшелігі бойынша ақтөбелік Дастан Ниязов топты жарып, 1-орынға қол жеткізіп, алтыннан алқа тақты.

– Маусым айынан бастап дайындықты бастаған болатынмын. Күнделікті жаттығудың әрі жаттықтырушының бағыт-бағдарының арқасында жүлделі орынға қол жеткіздім. Жеңіске жететініме сенімді болдым, – дейді кейіпкеріміз.

Спорт өмір сүру стилі. Дастанның отбасы үшін спорт таңсық емес. Олар спортпен шұғылданып салауатты өмір салтын қалыптастырып отырған бақытты жанұя.14 жастағы ұлы Аян күресті таңдаған.

«Арбадағы теннис» сайысында қайсар мінезімен табандылығының нәтижесінде дүбірлі додада топты жарған жерлесіміз Дастан Неязовқа жүлдең құтты болсын дегіміз келеді. Ол әлі талай спорт шыңдарын бағындыратынына жерлестері кәміл сенеді.