Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының миссиясы ҚР Кәсіподақтар федерациясына келді

Қазақстанға ХКК Бас хатшысының орынбасары Оуэн Тюдор бастаған Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы (ХКК) Миссиясының делегациясы келді. Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Миссия мүшелерімен кездесті.

Миссия мүшелері: ХКК Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (БЕАК) Президенті Ираклий Петриашвили, ХКК БЕАК Атқарушы хатшысы Антон Леппик, ХКК БЕАК ТМД бойынша үйлестірушісі Анна Сальникова, Әзірбайжан кәсіподақтар конфедерациясы төрағасының орынбасары Агиль Дадашев, Ресей Еңбек Конфедерациясының (РЕК) өкілі Борис Кравченко, Ынтымақтастық орталығының / Америка еңбек федерациясының және Өнеркәсіптік ұйымдар конгресінің (ACILS/AFL-CIO) өкілдері Татьяна Солодовник және Майкл Федынский, Францияның Жалпы еңбек конфедерациясының өкілі Рената Третьякова, Неміс кәсіподақтар конфедерациясының өкілі Франк Хоффер , сондай-ақ ХКК Әйелдер комитетінің мүшесі, Түркия Республикасының HAK-IS Кәсіподақтар конфедерациясының өкілі Мерита Йылдыз.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының өкілді делегациясын қарсы алған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы ішкі демократияны қамтамасыз ету, тәуелсіздікті қалпына келтіру және бірлестіктердің бостандығы туралы ХЕҰ 87 конвенциясын жүзеге асыру бойынша ескертпелерді жою тұрғысынан ХКК ұсыныстары бойынша үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті.

«ХЕҰ ұсынымдарын іске асыру мақсатында 2020 жылдың мамыр айында «Кәсіптік одақтар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, онда халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету және қаржыландыру, кәсіподақтардың республикалық, салалық, аймақтық бірлестіктер ретінде мемлекеттік тіркеуден өту кезінде мәртебесін растауға арналған шараларды жеңілдетуге қатысты кәсіподақтар әзірлеген және енгізген ұсыныстар ескерілді. Қазіргі уақытта Кәсіподақтар федерациясы осы норманы одан әрі жетілдіруге, атап айтқанда, кәсіподақтарды тіркеудің хабарлама нысанына көшуге қосымша бастамашылық етуде», – деді ҚРКФ төрағасы.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) және ХКК ұсынымдары бойынша жұмысын жалғастыруда. Ағымдағы жылдың 4-12 мамыры аралығында Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ Тікелей байланыс миссиясының Қазақстандағы жұмысын ұйымдастырды. Кәсіподақтармен кездесулерден басқа, Миссияның Үкіметпен, мемлекеттік органдармен, Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, жұмыс берушілер бірлестіктерімен, халықаралық және құқық қорғау ұйымдарымен кездесулері ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылдың маусым айында Федерация делегациясы ХЕҰ-ның 110-сессиясының жұмысына қатысты.

Биылғы жылы ХЕҰ-мен бірлесе отырып, Қазақстан кәсіподақтары үшін халықаралық стандарттарды қолдану және оларды енгізу мәселелері бойынша семинар өткізіліп, Қазақстан бойынша қорытындылар талқыланып, алдағы қадамдар әзірленді.

Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ стандарттарын қолдану жөніндегі комитеттің ұсынымдарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуге белсенді қатысты (Еңбек министрі 2022 жылғы 11 шілдеде бекіткен).

Қазан айының басында Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ-мен бірлесіп, Алматыда жеті елдің ұлттық кәсіподақ орталықтарының қатысуымен Платформалық жұмыспен қамту жөніндегі кезекті конференция өткізеді.

Кәсіподақтар федерациясы әрқашан кәсіподақ іс-әрекетінде жасампаздықты қолдап келгені және қолдайтындығы, сондай-ақ ХКК ынтымақтастық науқандарын қолдайтыны атап өтілді. Мәселен, 2022 жылғы 16 наурызда Кәсіподақтар федерациясы халықаралық кәсіподақтар қозғалысының бөлігі ретінде Украинадағы ХКК акциясын қолдау мақсатында «Кәсіподақтар бейбітшілік пен тұрақтылық үшін» акциясын өткізді. Қазақстан кәсіподақтары әлемдегі қазіргі жағдайға және жұмыскерлердің әлеуетінің нашарлауына алаңдаулы. ҚРКФ бейбітшілік пен халықтар арасындағы достықты жақтайды және әлемдегі жағдайға алаңдаушылық білдіреді.

Шетелдік әріптестердің Федерацияның кәсіподақ ішілік қызметі туралы сұрақтарына жауап бере отырып, ҚРКФ төрағасы қызметтің негізгі бағыты әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілету, еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жүйелі жұмыс екенін атап өтті.

«Бас кеңестің шешімімен біз 2022 жылды Әлеуметтік әріптестік жылы деп жарияладық. Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, еңбек заңнамасын жетілдіру, жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын жақсарту, жалақыны көтеру және кәсіподақтардың қатардағы мүшелеріне лайықты еңбек жағдайын жасау бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыру. Әлеуметтік шиеленісті төмендету және еңбек дауларының алдын алу мақсатында Кәсіподақтар федерациясы «Еңбек консультациялары» акциясына бастамашылық етті. Кәсіподақтар федерациясының белсенді қатысуымен әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның шешімімен маңызды құжат – Қауіпсіз еңбектің жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Республикалық үшжақты комиссияның отырыстарында біз еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру, жалақыны индекстеу, ең төменгі жалақыны белгілеу критерийлерін әзірлеу, арттырушы салалық және разрядаралық коэффициенттерді анықтау әдістерін, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін ұлғайту, ХЕҰ-ның №173 және 131 конвенцияларын ратификациялау мәселелерін белсенді түрде насихаттап жатырмыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин, сондай-ақ, ҚРКФ бастамасымен үш республикалық кәсіподақтар бірлестігі тұңғыш рет 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім жобасы бойынша бірлесіп жұмыс істегенін атап өтті.

«Бүгінгі күні біздің алдымызда кәсіподақ қозғалысын жаңғырту, еліміздің кәсіподақтарының іс-әрекетінің бірлігін қамтамасыз ету, кәсіподақтардың еңбекшілердің мүдделерін ұжымдық қорғау ұйымы ретіндегі рөлін одан әрі күшейту, жұмыс орындарын сақтау және лайықты жалақы жолындағы күресте жаңа тәсілдерді әзірлеу міндеттері тұр», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Қазіргі уақытта Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

«Кәсіподақтарды тіркеудің хабарлама тәртібін енгізумен қатар, біз жұмыскерлердің талаптарын қою және ереуілдер жариялау тәртібін айтарлықтай жеңілдету бойынша қосымша ұсыныстар енгіздік. Сондай-ақ, келісім комиссиялары мен еңбек арбитражының институтын, еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін күшейту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды. Бұл заң жобасы қазірдің өзінде ел Парламентінің қарауына жіберілді. Біздің бастамамыз бойынша «Әлеуметтік әріптестік туралы» жаңа заң жобасы дайындалып, халықаралық конвенцияларды ратификациялау жұмыстары жалғасуда. Ең төменгі жалақыны арттыру және ең төменгі жалақыны қалыптастыру әдістемесін әзірлеу жөніндегі бастамаларымыз ел Президентінің қолдауына ие болды және Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген», – деді ҚРКФ төрағасы.

Кездесу соңында Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ жұмысының барлық бағыттары бойынша Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

ХКК Миссиясының Қазақстанға сапары барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимовамен, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдерімен, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаттарымен, сондай-ақ, республикалық, салалық және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің көшбасшыларымен кездесулер жоспарланған.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы