Кәсіподақ төрағасы еңбек ұжымдарымен жүздесті

«Жетісу, Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Қ. Жақсылық «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында №1 Талдықорған қалалық емханасының бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесу өткізді.


Жиында сөз алған «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Алматы облыстық филиалының төрағасы А. Исаев қатысушыларға мұндай кездесулер бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланыс орнатып, еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Ұжымның жағдайымен танысқан Қаһарман Еркінайұлы бастауыш ұйым мүшелеріне ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Әлеуметтік әріптестік» жылы аясындағы атқарылып жатқан «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы, «Парыз», «Еңбек жолы», «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиа-байқауы, «2022 жылғы үздік ұжымдық шарт», «Заң клиникасы» жұмысы жайлы айтты.

Басқосуда орталық қызметкерлері де өз ойларын ортаға салып, медицина саласындағы зиянды еңбек жағдайындағы жұмысшылардың зейнетке шығу жасын төмендетуді қарастырса деген ойларын білдірді.
Сондай-ақ кездесуде жұмыс барысында еңбек қауіпсіздігін сақтау мен ұжымдық шартта көрсетілген міндеттемелердің орындалуына баса назар аудару қажеттілігі айтылды.