ҚРКФ Атқару комитеті Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастық бойынша жоспарларын бекітті

Бейсенбі күні, 29 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитеті мүшелерінің кезекті отырысы өтті. Атқару комитетінің мүшелері ҚРКФ мен оған мүше ұйымдардың халықаралық ынтымақтастық пен одақішілік қызметінің жақын арадағы жоспарларын қарады.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева Атқару комитетінің мүшелеріне хабарлағандай, 6-7 қазан күндері Алматы қаласында Федерацияның 2025 жылға дейінгі стратегиясында айқындалған халықаралық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілету мақсатында Орталық Азия елдері кәсіподақтарының «Еңбек нарығын дамыту және лайықты еңбекті қамтамасыз ету үшін цифрлық өзгерістерді қолданудағы кәсіподақтардың рөлі» тақырыбында аймақтық конференциясы жоспарланған. Конференция Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп өткізіледі және Орталық Азиядағы еңбек нарығын цифрландыру жағдайында жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша аймақтағы кәсіподақ қоғамдастығының платформалық экономика мен стратегиясын жүзеге асыруға кәсіподақтардың қатысуына арналған. Атқару комитетінің мүшелері Аймақтық конференцияның бағдарламасын бірауыздан қолдады.

Өз кезегінде ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев 10 қазанда Астанада өтетін «Жаңа Қазақстан – жаңа кәсіподақтар» кәсіподақ көшбасшылары форумының бағдарламасымен таныстырды. Шара барысында екі секцияда қатысушылар Әділетті Қазақстанды құрудағы бастамаларды жүзеге асырудағы кәсіподақ қоғамдастығының өзекті міндеттерін және ҚРКФ кәсіподақ қоғамдастығының ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жаңа тәсілдерін талқылайды.

Кәсіподақтар күніне ҚРКФ марапаттары туралы мәселені талқылай келе, Атқару комитетінің мүшелері 27 қыркүйекте өткен марапаттау комиссиясының отырысының қорытындысын бекітті.

Атап айтқанда, халықаралық кәсіподақ ынтымағын дамыту мен нығайтуға, дүниежүзілік кәсіподақтар қозғалысы идеяларын таратуға, Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіподақ орталығымен тығыз ынтымақтастық, демократиялық процедураларды дамытуға қосқан үлесі үшін ACTRAV/ХЕҰ Еңбеккелер қызметі жөніндегі бюросының директоры Мария Хелена Андрені «Ынтымақтастық» медалімен марапаттау туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, Атқару комитетінің мүшелері кәсіподақ мүшелерін сауықтыру рәсімдерімен қамтамасыз етуді жетілдіру үшін Федерацияның санаториялық-курорттық кешенін дамыту мәселесін қарады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Жарғысының 47-тармағының 12) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитеті ағымдағы жылғы 5 қазанда ҚРКФ Бас кеңесінің отырысын шақыру туралы шешім қабылдады.

Атқару комитеті отырысының соңында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Федерацияның мүше ұйымдарының өкілдері – Атқару комитетінің мүшелері алдында сөйлеген сөзінде бүгін қабылданған шешімдер кәсіподақтардың алдағы уақыттағы қызметі және олардың Әділетті Қазақстанды құруға қатысуы жөніндегі алдағы міндеттерді мақсатты түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Біз үйлесімге келіп, өзекті міндеттерді бірлесіп жоспарлаймыз, кәсіподақ бастамалары мен елдегі прогрессивті өзгерістерді ілгерілетудегі табыс біздің ынтымақты ұстанымымызға байланысты екенін түсіне отырып, бірлесіп шешім қабылдаймыз. Ал Әділетті Қазақстанды құруда біз алдыңғы қатарда болуымыз керек», – деп түйіндеді ҚРКФ төрағасы.

ҚРКФ медиаорталығы