Халықаралық кәсіподақтар ынтымақтастығын нығайту жолында

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Өзбекстанның «Узметмашсаноат» металлургия және машина жасау салалары кәсіподағының республикалық кеңесінің делегаттарымен кездесті.

Сатыбалды Дәулеталин шетелдік әріптестерін Кәсіподақтар федерациясының қызметі, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан кәсіподақ орталықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту шаралары туралы хабардар етті.

«Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы – 16 000 бастауыш кәсіподақ ұйымына 1 627 800 кәсіподақ мүшесін біріктіретін еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының құрамына 23 салалық кәсіподақ және 17 аумақтық кәсіподақ бірлестіктері кіреді. Біздің жұмыс 2020 жылдың 2 қыркүйегінде өткен XXVI съезінде бекітілген Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясына сәйкес құрылған. Біз қызметкерлердің лайықты еңбекке, лайықты өмірге және әлеуметтік әділеттілікке құқықтарын қорғаудың нақты жолын таңдадық», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.

Сатыбалды Дәулеталин Орталық Азия аймағындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

«Біздің мемлекеттеріміздің халықтарының тарихи тамыры ортақ, бауырластық және тату көршілік қатынастары бар. Өткен жылы біз Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясымен Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық және Келісімді жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын бекіттік. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Өзбекстан астанасында өткен Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің отырысында Кеңес төрағасы болып Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бірауыздан сайланды. Кәсіподақтар кеңесі Орталық Азия аймағындағы 15 миллионнан астам жұмысшының лайықты еңбек стандарттары мен әділ жалақыға қол жеткізу жолындағы жасампаздықты күшейтуге және халықаралық кәсіподақ ынтымағын нығайтуға ықпал етуге ниетті. Біз бірігіп Кеңес мүшелеріне ортақ мақсат – Еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын қорғауды көздеп отырмыз. Біз төрағалық ететін тарап ретінде оның бастамаларын халықаралық кәсіподақ қозғалысының барлық салаларында ілгерілету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Бірлескен жұмысты жалғастыру туралы айта отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық кәсіподақтар бірлестігі, «Жұмыскерлерге көмек көрсететін заңгерлердің халықаралық желісінің (ILAW)» еуропалық бөлімшесі, сондай-ақ, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның Ұлттық кәсіподақ орталықтары өкілдерінің қатысуымен өтетін Орталық Азия елдері кәсіподақтарының аймақтық конференциясы туралы хабарлады, онда еңбек нарығын дамыту үшін цифрлық өзгерістерді пайдалану мәселелерін талқылау және тәжірибе алмасу жоспарлануда.

«Узметмашсаноат» кәсіподақ ұйымының делегаттары Қазақстан кәсіподақтарының халықаралық байланыстарды нығайтуға деген ұмтылысын жоғары бағалады. Қонақтар өз кезегінде елімізге жасаған жұмыс сапарының нәтижелерімен бөлісті.

Қазақстанға жұмыс сапары аясында Өзбекстанның «Узметмашсаноат» металлургия және машина жасау өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподағы республикалық кеңесінің өкілдері «Қазметаллкәсіп» өнеркәсіптік тау-кен металлургия кәсіподағымен және Машина жасаушылардың салалық кәсіподақ ұйымымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Сонымен қатар, «Узметмашсаноат» делегациясының «Жақтау» ҚБ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургтер кәсіподағының, «Алтынтау» кәсіподақ ұйымы және тау-кен металлургия саласының басқа да ірі кәсіпорындарының кәсіподақ көшбасшыларымен бірқатар кездесулері өтті.

Қорытындылай келе, кездесуге қатысушылар екі елдің еңбекшілерінің мүддесі үшін халықаралық кәсіподақ диалогын нығайтуға және дамытуға өзара дайын екендіктерін білдірді.

ҚРКФ медиаорталығы