Кәсіподақ ұстаздарды мерекемен құттықтады

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы егемен еліміздің бәсекеге қабілетті ұрпағын оқыту мен тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсап, білім беру кеңістігінде ұзақ уақыт еңбек етіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген ұлағатты ұстаздарды ұлықтады.

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында өткен «Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты дәстүрлі шарада аймақтың 100-ден астам ұстазы түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды. Атап айтсақ, салтанатты кеште бір топ педагогтің кеудесінде «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына айырықша сіңірген еңбегі үшін» және «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері жарқырады. Одан бөлек, әлеуметтік серіктестерге облыстық кәсіподақтың сыйақы сертификаттары табысталды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессорлық-педагогикалық құрамына Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Құрмет грамотасыжәне облыстық кәсіподақтың сыйақысы берілді. Және өңірдің үздік 55 ұстазы облыстық кәсіподақ ұйымы мен облыстық білім басқармасының бірлескен Алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелері күзгі демалыста «Мерке» шипажайында ем алып, денсаулықтарын нығайтатын болады.

Мерекелік шараға «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айгүл Мұқашева, салалық кәсіподақ заңгері Райхан Қыдырбаева, Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова арнайы қатысып, ұстаздарды мерекесімен құттықтады.

“Ұлт болашағын білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беретін ұстаздың орны қашан да ерекше. Өйткені қоғамның басты байлығы- адам болса, сол адамның адамшылығы жақсы ұстаздан екені ақиқат. Шәкірт тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбектеріңізді ескерк отырып, Жаңа Қазақстанның дамуына қосып келе жатқан қажырлы қызметтеріңіз үшін әрқайсысыңызға алғысымды білдіремін”, – деді салалық кәсіподақ басшысы Айгүл Мақсатқызы.