«Қазкөліккәсіп» 30 жыл – бірлікте

10-қазан Қазақстан Кәсіподақтары күні қарсаңында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Қазкөліккәсіп» кәсіподағының 30 жылдық мерейтойын «Астана» филиалы салтанатты түрде атап өтті.

Қазіргі уақытта «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігі теміржол саласы қызметкерлері мен ардагерлерін біріктіретін еліміздегі ірі, беделді ұйымға айналып, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, заң шығару қызметі, еңбекті қорғау мәселелерін шешу, қайырымдылық, спортты дамыту, оқыту, жастар саясаты, халықаралық ынтымақтастық бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

Шара барысында «Астана» филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев көп жылғы адал және жемісті еңбегі, теміржол саласының дамуына қосқан жеке үлесі және жоғары кәсібилігі, ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін бірқатар қызметкерлерді «Қазкөліккәсіп 30 жыл» мерейтойлық белгісімен марапаттады.

Елордалық Кәсіподақтар орталығы Қазкөліккәсіп кәсіподағының «Астана» филиалымен бірлесіп кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау бойынша қызметті үйлестіріп отырады.

Кәсіби мерекедегі марапат «Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының» төрағасы Төлеген Күнәділов пен оның орынбасары Қайрат Сұлтаналинге де табысталды.

Төлеген Күнәділов:«Салалық келісімде және ұжымдық шарттарда белгіленген еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуды қамтамасыз етуді іске асыру – бұл теміржол көлігінің тұрақты жұмысын сақтауға мүмкіндік береді. Осы ретте еңбек адамының құқығының сақталуына күш-жүгерін жұмсап отырған кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен кәсіподақ қозғалысының белсенділеріне жаңа жетістіктер тілеймін»,-деп жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады.