Шымкентте ҚР Кәсіподақтар күнін салтанатты түрде атап өтті

Шымкент қаласында 10 қазан – Қазақстан Республикасының кәсіподақтар күніне орай салтанатты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиында еңбек адамының мүддесін қорғап, кәсіподақ қозғалысын дамытуына барынша үлес қосып жүрген түрлі саладағы кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен белсенділері арнайы марапаттарға ие болды.

Мерекелік шараға ҚР Кәсіподақтар федерациясы өкілі, Атом саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Касымжан Мадиев, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласы, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқарма басшысы Бауыржан Қалжанов, қалалық маслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Кульзина Уалиханова, салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары мен әлеуметтік әріптестер шақырылды. Сонымен қатар, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері Досыбай Шерімқұлов мен Тұрған Беимбетов салтанатты кештің мейманы болды.
Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан ҚР Кәсіподақтар федерациясы өкілі, Атом саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Касымжан Мадиев жиынға қатысушыларды алдағы келе жатқан кәсіподақтар күні мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Құттықтау сөз кезегі ұсынылған «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қонақтарға ізгі тілегін арнап, кәсіподақтың өркендеуіне елеулі үлес қосқан кәсіподақ белсенділеріне алғысын білдіріп, кәсіптік одақтардың еліміздің дамуындағы маңызды роль атқаратынын атап өтті.

«Бүгінгі салтанатты жиынды өткізудегі мақсатымыз «10 қазан ҚР Кәсіподақтар күні» мерекесін атап өтіп ұлықтау. Одан бөлек, шаһарымызда кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зор үлес қосқан ардагерлерімізге құрмет көрсету, кәсіподақ ұйымдарында белсенді қызмет еткен азаматтарды кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін марапаттау, мадақтау. Сонымен қатар, Кәсіподақтар күнін атап өту арқылы осы қозғалысты қоғамда кеңінен насихаттау көзделіп отыр» – деді АКБ төрағасы.

Мерекелік шарада бірқатар кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен белсенділері қалалық мәслихаттың, салалық кәсіподақ пен аумақтық кәсіподақ бірлестігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталса, бірқатары ҚР Кәсіподақтар федерациясының төсбелгілеріне ие болды.

Кәсіподақ қозғалысын дамыту мен жетілдіруге сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісімен Әуесханов Серік Елемесұлы, «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен Мамедов Али Агитұлы марапатталды.

Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев та салтанатты шараға жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтап, қалалық мәслихаттың Алғыс хатымен бірнеше кәсіподақ белсенділерін марапаттады.

Жиында Бауыржан Әлтеев өңірлік кәсіподақ ұйымының бастау алған күнінен бері ұзақ жылдар бойы кәсіподаққа мінсіз қызмет еткен, кәсіподақтың өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардагерлерге алғысын білдіріп, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің атынан бағалы сыйлықтар табыстады.

Сондай-ақ, әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Алғыс хатымен Шымкент қаласы, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқарма басшысы Бауыржан Қалжанов марапатталып, жұмысшының мүдесін қорғауда сіңірген еңбегі үшін аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Алғыс хатымен Лаура Ақшегірова мен Салтанат Абдукаримова марапат төрінен көрінді.

Мерекелік шара барысында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков денсаулық саласында ерен еңбегімен көзге түскен кәсіподақ қатарындағы ақ халатты абзал жандарды құттықтап, ортаға шақыртылғандардың кеудесіне төс белгі тағып, қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Бірқатарына Алғыс хаттар мен заттай сыйлықтар табыс етілді. Бұдан бөлек, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымының төрайымы Тургинбаева Лариса Владимировна жиналғандарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Білім саласының қызметкерлері ұлықталып, Алтын және күміс төс белгімен наградтталып, кәсіподақ мүшелері мен әлеуметтік әріптестер Құрмет грамоталар және Алғыс хаттармен марапатталды.

Жиын барысында Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының төрайымы Ұлжан Исабаева «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ерқозы Батырбековке «Алтын дәрігер» төс белгісін табыстады. Одан бөлек, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымының төрайымының орынбасары Валентина Ващенко мен маманы Ирина Кривцоваға «Ел ардақтысы» медалімен наградттады.

Шара соңы кәсіподақ ұйымы мүшелерінің кеш меймандарына арналған мерекелік концертке ұласты. Қарапайым жұмысшының қамын жеген қызметкерлер мереке қарсаңында бір марқайып қалды.