Қызылордада Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты жиын өтті

Қызылордада 10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, ​ «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиев, еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ ардагерлері мен кәсіподақ белсенділері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов кәсіподақтарды төл мерекелерімен құттықтау сөзінде қоғамдағы кәсіподақтар қозғалысының роліне тоқталып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі және үлкен тәуекелдерді қамтитын еңбек нарығында ұжымдардағы тұрақтылықты сақтауда оларға артылатын міндеттердің артқандығын атап өтті.

Салтанатты жиында ​ Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Сұлтан Қалиев Әлеуметтік әріптестік жылы болып белгіленген 2022 жылдағы өңірдегі әлеуметтік әріптестер ынтымақтастығына, кәсіподақ белсенділеріне жұмыскерлердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік мүдделерін ілгерілетудегі жұмыстарына ризашылығын білдірді.

Құттықтау сөз алған облыстық кәсіподақтардың ардагерлер Кеңесі төрағасы Серік Мырзаханов аймақтағы кәсіподақтар жүйесінің дамуы тарихнамасынан сөз қозғап, жұмыс буыны мен жастарға үлкендік тілегін жеткізді.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев Кәсіподақтар күнінің кәсіби мерекелер тізіміне енгізіліп, Үкімет қаулысымен бекітіліп, қазірде аталып өтілуін мемлекеттің кәсіподақтар қозғалысына зор мән беруі, мәртебесін арттыруы деп атап өтті. Сонымен қатар, өз сөзінде бірлестік төрағасы тірліктегі барша игілікті істердің иесі – еңбек адамы екендігін, оның негізгі жанашырлары ретінде Кәсіподақтар қызметінің мақсаттары мен міндеттері әлеуметтік әріптестермен бірлесе кәсіпорындағы, қоғамдағы, елдегі тұрақтылық бағытында тоғысатындығын айтты. ​

Кәсіподақ жүйесі қайраткерлерінің мерейін тасытқан төл мерекелік басқосуда бірқатар кәсіподақ ардагерлері мен белсенділеріне кәсіподақтар жүйесіндегі белсенді еңбектері үшін Қызылорда облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен салалық, өңірлік кәсіподақ бірлестіктерінің марапаттары табысталды.