Кәсіподақ төрағасы әріптестерін құттықтады

Кәсіподақтар үйінде Атырау облысының «Әділ» мемлекеттік мекемелері мен коммерциялық ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігі құрамындағы бастауыш кәсіподақ жетекшілері мен сала белсенділері Кәсіподақтар күні мерекесін атап өтті.

Осы шарада әріптестерін қоғамдық бірлестік төрағасы Жексенбай Құсайынов құттықтады. Биыл тамыз айында құрылған жаңа құрылымға 4,5 мың жуық кәсіподақ мүшесі тартылған. Бірлестіктің алдағы міндеттері мен басым бағыттарын тілге тиек еткен ол кәсіби мерекеге орай бір топ әріптесіне «Құрылыс комплексі және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы К.Есенғазинның және облыстық бірлестік төрағасының Алғыс хаттарын табыс етті.

Марапат иелері атынан сөз алған «ЮСС Суппорт Сервисиз» компаниясындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, саңлақ спорт ардагері, әлеуметтік шиеленіс және ықтимал еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында азаматтық ұстанымы мен мол тәжірибесі бар Марал Көшенов әріптестерін айтулы мерекемен құттықтады. Ол жұмысшы-қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы әріптестерінің жауапты жұмыстарына сәттіліктер мен табыстар тіледі.