Маңғыстауда ұжымдық еңбек дауларын шешу мәселелері талқыланды

Маңғыстауда “Ұжымдық еңбек дауларын шешу” тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингті мемлекеттік еңбек инспекцияларының қызметкерлері мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері үшін Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның Маңғыстау филиалы ұйымдастырды. Оған мұнай-газ компанияларының кәсіподақ ұйымдарының, білім беру, медицина мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ “Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығы” АКБ қызметкерлері қатысты.

Семинар-тренингтің спикері заң ғылымдарының докторы Қуат Рахимбердин болды. Тренингтің негізгі және маңызды тақырыбы Ұжымдық еңбек дауларын шешу болды. Маңғыстау облысы – еңбек даулары мен ереуілдер көп болатын республиканың 3 аумағының бірі. Ұжымдық еңбек дауларының себептері негізінен жұмыс берушімен ұжымдық еңбек шартының талаптарын бұзумен немесе олардың қарым-қатынасының әртүрлі аспектілері бойынша еңбек ұжымы мен жұмыс беруші арасында туындаған келіспеушіліктермен байланысты. Дау сотқа дейінгі кезеңдерде медиацияны пайдалана отырып, татуластыру комиссиясына және еңбек төрелігіне жүгіну арқылы реттелуі мүмкін. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасында ереуіл сияқты ұжымдық еңбек дауларын шешудің осындай құралын іске асыру үшін қажетті құқықтық негіз бар.

Бұдан әрі “Қазіргі Қазақстандағы еңбек қатынастары саласындағы жыныстық зорлық – зомбылық пен қудалаудың алдын алуды құқықтық реттеудің негізгі мәселелері” тақырыбы қозғалды. Тренинг соңында еңбек инспекциялары, кәсіподақтар және бюро заңгерлері арасындағы өзара іс-қимыл туралы мәселелер талқыланды. Өңірде осындай семинар-тренингтер одан әрі жалғасатын болады, өйткені олар жаңа білім алуға, тәжірибе алмасуға, кәсіби дамуды арттыруға ықпал етеді.