Елордада әлеуметтік сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Қазанның соңғы жексенбісінде Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтілді. Бұл мерекеде әлеуметтік саланың үздік қызметкерлерінің еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді.

Мейірімділіктің бұл кәсіби мерекесі баршаға жанашырлықтың қажеттігін еске салатын игі дәстүрге айналды. Бүгінгі таңда Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау жүйесі белсенді түрде жетілдірілуде, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің саны ұдайы ұлғаюда, барлық мұқтаж жандарға атаулы көмек көрсетілуде.

«Қызмет» салалық кәсіподағы Астана қаласы филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов Қазақстан Республикасында әлеуметтік қорғау қызметкерлері күнін мерекелеуге орай Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ұйымдастырған салтанатты іс-шарасына қатысты.

Жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаған Атақозы Нұрланов: «Әлеуметтік қызмет мемлекеттік міндеттердің ең маңыздысын атқарып келеді, сіздердің мамандықтарыңыз өте маңызды. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнделікті еңбегі ерекше құрмет пен алғысқа лайық, өз жұмысын кәсіби түрде атқарып, әрқайсысы өз аймағында өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік және басқа да көмек көрсетуге атсалысады,-деді.

«Қызмет» салалық кәсіподағы Астана қаласы филиалының төрағасы А.Нұрланов ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің атынан Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Скуб Илья Васильевичке «Құрмет» грамотасын және «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының санитары Абиева Ольга Қарауылбекқызына «Еңбек озаты» медалін тапсырды.

Сондай-ақ, «Қызмет» салалық кәсіподағының «Құрмет» грамотасымен Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы Бибігүл Мұқанова, «Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтендіру орталығы» КММ медбикесі Әлия Жақыпбаева, «Жанұя отбасы институтын қолдау орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнәр Ахметжанова марапатталды.

Бұдан басқа, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты ұйымдардың қызметкерлері арасында өткен спартакиада жеңімпаздары «Қызмет» салалық кәсіподақ филиалының дипломдарымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.