Бүгін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Алматы қаласындағы «Қалалық перинаталдық орталық» ШЖҚ КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен онлайн режимде кездесті.
Жиынды ашқан Алматы қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Зәуреш Өмірбаева қаладағы кәсіподақ ұйымдарының еңбек дауларының алдын алу, кәсіподақ қозғалысының бірлігін нығайту бағытында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Ол «SENIM» салалық кәсіподақ филиалының қызметіне, пандемия кезінде кәсіподақ ұйымының атқарған және қазіргі таңда атқарылып жатқан ауқымды істеріне жеке-жеке тоқталды.
«Алматы қаласындағы Қалалық перинаталдық орталық жүкті әйелдерге мамандандырылған және жоғары білікті көмек көрсететін, сондай-ақ шала туылған нәрестелер мен патологиясы бар жаңа туған нәрестелерді күту үшін Алматы қаласындағы және Қазақстан Республикасындағы ең ірі акушерлік мекеме болып табылады. Орталықта 680 адам жұмыс істейді, олардың барлығы 100 пайыз кәсіподақ мүшесі», – дейді Зәуреш Өмірбаева.
«SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Алмас Несіпқалиев өз сөзінде Алматы қалалық филиалының құрамында 15 мыңға жуық адамды біріктіретін 41 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар екенін атап өтті. «SENIM» кәсіподағы дәрігерлердің жалақысын жыл сайын кезең-кезеңмен 30%-ға, 2019 жылдан бастап орта медицина қызметкерлерінің 20%-ға, ал 2021 жылдан бастап медициналық емес қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеруге қол жеткізді. Кәсіподақтың белсенді ұстанымының нәтижесінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 30 күндік негізгі еңбек демалысы сақталып, кемінде бір лауазымдық жалақысын көтеруге жәрдемақы төлеу басталды. Сондай-ақ, еңбек даулары туындаған жағдайда салалық кәсіподақ филиалы барлық инстанциялардағы соттарда қызметкердің және медициналық ұйымдардың мүдделерін білдіретін медиация рәсімдерін кеңінен қолданады. 2022 жыл ішінде кәсіподақ ұйымының 2 мүшесі жұмысына қалпына келтірілді, 5 кәсіподақ мүшесінің жазасы алынып тасталды. Барлық мәселелер сотқа дейінгі тәртіпте шешілді», – деді Алмас Несіпқалиев.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Тойдық Рахметова өз кезегінде бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметімен таныстырып, «SENIM» кәсіподақ ұйымының филиалы тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Қатысушылардың сөзін тыңдаған ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы барлық мәселелерден хабардар болу және ең бастысы жедел әрекет ету және оларды шешу жолдарын табу мақсатында кәсіподақтың қатардағы мүшелерімен кері байланыс орнату мақсатында өткізіліп жатқанын атап өтті.
ҚРКФ қызметі туралы айта келе, Нұрлан Өтешев 10 қазанда өткен Ынтымақтастық форумының қорытындыларына тоқталды. Ол ҚРКФ өз қызметінде өз миссиясына – еңбеккерлердің кәсіби, әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін ұжымдық қорғауға адал екенін атап өтті.
«Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіподақ қызметін жетілдіру жөніндегі шараларды жүзеге асыру бойынша Федерацияның, оның мүше ұйымдарының қызметінің негізі 26-шы съезінде қабылданған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» ҚРКФ қызметінің стратегиясы болып табылады. Кәсіподақтар федерациясының негізгі бағыттары – әділ экономиканы қалыптастыру және жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелерінің әл-ауқатын арттыру», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Нұрлан Өтешев әріптестерін жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша мақсатты жұмысты жалғастыруға шақырды.
ҚРКФ медиаорталығы