Кәсіподақтар федерациясы жұмыскерлердің мүддесі үшін әрекет етеді

Сайлау күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушыларымен кездесті.

Миссия делегаттарын қарсы алған Нұрлан Өтешев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қызметі мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту аясындағы маңызды оқиғаларға тоқталды.

«Кәсіподақтар федерациясы – Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Бізде 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшесі бар. Олардың барлығы 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарына біріктірілген. Федерация құрамына 23 салалық және 17 облыстық кәсіподақ бірлестігі кіреді», – деді Нұрлан Өтешев.

ҚРКФ Төрағасының орынбасары кәсіподақтардың қызметіндегі елеулі демократиялық қайта құрулар туралы айтты.

«Қазір Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бастаған делегациясы Австралияның Мельбурн қаласында болып, онда Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресінің жұмысына қатысуда. Бейсенбі, 17 қарашада Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Әрине, бұл Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының демократиялық принциптерінің нығаюының арқасы. Сонымен қатар, біз еліміздегі бірлестіктер бостандығын қамтамасыз ету үшін заңнамалық реформаларды ілгерілету саласындағы жұмысты жалғастырамыз», – деді ол.

Отырыс барысында Армения Республикасы Ұлттық Жиналысы Тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Вагаршак Акобян алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы Кәсіподақтар федерациясының рөлі туралы сұрақ қойды.

Нұрлан Өтешев 10 қазанда «Бірлік. Әділеттілік. Даму» Ынтымақтастық форумында кәсіподақ қоғамдастығы қабылдаған «2022 жылғы күзгі сайлау науқанындағы ҚРКФ іс-әрекеті туралы» қаулы аясында Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын түсіндірді. Ең алдымен, оның айтуынша, бұл еліміздің барлық еңбекке қабілетті тұрғындарының мүдделерін ілгерілету маңыздылығын ескере отырып қабылданған. Халықаралық бақылаушылар өз кезегінде ҰҚШҰ ПА тобының қызметі саяси бейтараптық, объективтілік және халықаралық стандарттарға сәйкестік қағидаттарына негізделгенін атап өтті.