Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты.
Сондай-ақ, салтанатты шара барысында «Қазақстанның үздік тауары», «Qazaqstan Project Management Awards-2022» байқауларының, өнім мен қызмет сапасы саласындағы жетістіктері үшін ТМД байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин марапат табыстаған шағын және орта кәсіпкерлік санатындағы «Парыз-2022» сыйлығының лауреаттары қатарында:
шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша Шығыс Қазақстан облысынан «Виситаев» шаруа қожалығының басшысы Тимур Виситаев марапатталды;
«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында Президент Дмитрий Ким басқаратын Алматы қаласының «Өндірістік-технологиялық жинақтау басқармасы» АҚ жеңіске жетті;
«Үздік ұжымдық шарт» номинациясында бас директоры Ерғазы Құсайынов жетекшілік ететін Жамбыл облысының «СК Достық К» ЖШС жеңімпаз деп танылды.
«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша Қарағанды облысының «Рапид» фирмасы» ЖШС директоры м.а. Александр Валуйский марапатталды.
Салтанатты шараның соңында үздік индустриялық жоба және үздік инновациялық жоба үшін президенттік «Алтын сапа» сыйлығының, сондай-ақ «Парыз» Гран-приінің және бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша облыстар мен қалалардың рейтингісінің қорытындысы бойынша арнайы сыйлықтың лауреаттарын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттады.
Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Гран-приді Атырау облысынан келген «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы алды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасындағы үздігі Ақмола облысындағы «Шуйское-ХХІ» ЖШС болды.
«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы жүлдесін Атырау облысынан ірі кәсіпкерлік субъектісі «Теңізшевройл» ЖШС мен Солтүстік Қазақстан облысынан «Мәмбетов және компания» СС шағын және орта бизнес санатының өкілі иеленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бизнес қауымдастығына арнаған сөзінде кәсіпкерлерді негізсіз тексерулер мен қылмыстық қудалаудан қорғау мәселесіне қатысты өз көзқарасын білдірді.
«Биыл 6 мыңнан астам кәсіпкер жалпы сомасы 700 млн теңгеге жуық заңсыз айыппұлдан босатылды. 1200 заңсыз енгізілген тыйым салу және шектеу шаралары жойылды. Кәсіпкерге қатысты заңсыз әрекеттері үшін 1000-нан астам шенеуніктердің жазаланғаны маңызды. Әрбір алтыншы іс, яғни бұл 312 істің 59-ы қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты тоқтатылған», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийді 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзарту туралы Жарлыққа қол қойғанын да айтты. Сонымен бірге, кәсіпкерлерді адал жұмыс істеп, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырды.
«Бұл өте маңызды. Нарықтық бәсеке, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, салықтық адалдық біздің елімізде бизнес жүргізудің таптырмас шартына айналуы тиіс», – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Салтанатты шараға барлығы 500-ден астам адам келді, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшылары, Парламент депутаттары, бизнес өкілдері мен барлық марапаттардың лауреаттары, өткен жылдардағы жеңімпаздар болды.