Нұрлыбек Жұбатқанның есімі Ақтөбе өңірі ғана емес, бүкіл республикаға танымал. «Екі езу» сатира театрының облыс орталығында жұмыс істеп жатқанына қарамастан, Астана, Алматы театрларымен иық тіресе сахнадан көрініп, қалың жұртшылыққа танымал болды.
“Біз «Шабыт» жастар фестивалінің «Гран При» иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Екі езу» сатира театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан театр туралы «Екі езу» сатира труппасын құрғанда екі мақсатта ойландым. Бірінші «Екі езуге» сатира керек, екінші ән керек. Екеуін бірдей қолға алдық.
Бастапқыда эстрадалық миниатюра театры аталған «Екі езу» 1998 жылы 22 наурызда облыстық «Ақтөбе» газетінің жанынан күлкі клубы ретінде құрылды. Театр құрамына қаладағы талантты жастар тартылды. Театр репертуарында негізінен өзімнің жазған әзіл-сықақ қойылымдарым орындалды.Ұжымның бастапқы мүшелері қатарында «Тамашаның» тарланы Бақыт Айтова, Нұрдәулет Ақжігітов, Берік Нұрмағанбетов, Талғат Тілеулесов, Гүлсім Қаратаева болды. Жас ұжымның негізгі мақсаты қазақтың әзіл-қалжыңын халыққа кеңінен насихаттау және ауылдық жерлерге мәдени қызмет көрсету еді.«Екі езудің» Ақтөбе облысының мәдени өміріне елеулі еңбек сіңіріп, халыққа, республика көлеміне кеңінен таныла бастағаны ескеріліп, 2001 жылы 2 сәуірде облыс басшылығының шешімімен театр мемлекеттің құзырына өтті”, – деп өз естелігімен бөлісті.
Театр Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Тараз, Талдықорған, Алматы, Астана қалаларында гастрольдік сапарларда болып қайтты.
Алматы қаласындағы «Гүлдер» ансамбліне және «Тамаша», «Күлкі керуені», «Көпен келе жатыр», «Құдайберген – театр» атты әзіл-сықақ театрларына шақыру алды.
«Екі езу» театры 2001 жылы тұңғыш рет республикалық көлемде Алматы қаласында ұйымдастырылған әзіл-сықақ сайысында жүлделі орынды иеленсе, сол жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. 2012-2014 жылдары «Хабар» арнасы ұйымдастырған «Ду-Думан» телевизиялық шоуға қатысты. 2013 жылы Ұлттық арнаның ұйымдастыруымен өткен «Жұлдызды сәт» сайысында жеңіске жетті.
.«Екі езу» күлкі клубынан кезінде Кенжебек Шайқақов, Есет Сәдуақасов, Азамат Бекбергенов ұшып шықты. Бәрі Алматының үлкен сахналарында өнер көрсетеді. Бүгінде театрда ҚР Мәдениет саласының үздігі Берік Нұрмағамбетов, Бекбол Тәтебаев, Құралбек Құрманғалиев, Гүлзат Ермағамбетова секілді дарынды әртістер қызмет етеді.
«Айтқыштар Ақтөбеде» республикалық әзіл-сықақ байқауының тұсауын 2002 жылы кесіп, екі жылда бір рет Ақтөбе қаласында үздіксіз өткізіліп келді. Соңғы рет 2014 жылы өтті.
Нұрлыбек Жұбатқан өзінің еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы, ұйымастыруцшылық қабілеті, іскерлігі арқасында көптеген игі істердің басы-қасында жүріп, өнер ұжымын сәтті басқарып, көптің жылы ықыласына бөленіп келеді. Оның шәкірттері қазір үлкен сахналарда өнер көрсетуде.
