ҚРКФ төрағасы: «Әлемдік турбуленттілік жағдайында кәсіподақтар Еңбек адамының пайдасына заңдар әзірлеу арқылы өз функцияларын кеңейтуі тиіс»

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс сапарымен Тбилиси қаласында (Грузия) «Кәсіподақтар демократия мен лайықты еңбекті ілгерілету арқылы бейбітшілік пен тұрақты дамуға ықпал етеді» атты халықаралық конференцияға қатысуда.

Грузия Кәсіподақтар Конфедерациясының 30 жылдығына арналған екі күндік конференция барысында Еуропа және Орталық Азия елдерінің кәсіподақ көшбасшылары, халықаралық сарапшылар, сондай-ақ, Грузияның үкімет мүшелері мен мемлекеттік емес секторының өкілдері дүние жүзіндегі еңбекшілердің өзекті мәселелерін қарастырып, оларды шешу жолдарын талқылайды.

Мерейтойлық форумды ашқан Грузия Кәсіподақтар Конфедерациясының (GTUC) президенті Ираклий Петриашвили жиналғандарға жемісті ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.

Ол жұмыскерлер алдында тұрған өзекті мәселелерге тоқталып, қатысушыларды еңбеккерлердің мүдделерін ілгерілету және әл-ауқатын жақсарту үшін диалогты дамытуға шақырды.

Конференцияда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин құттықтау сөз сөйлеп, Грузия кәсіподақтары қауымдастығының көшбасшысына екі елдің кәсіподақтары арасындағы достық қарым-қатынастың дамып келе жатқаны, сондай-ақ дүниежүзілік кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін үшін алғысын білдірді.

«Бүгінде 200 мыңға жуық мүшені біріктіретін Грузия кәсіподақтары заңды түрде азаматтық қоғамның жетекші институттарының бірі болып табылады, олардың қызметі тәуелсіз Грузияның экономикалық және әлеуметтік прогресіне қызмет етеді. 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан сіздің ұйымыңыз даңқты өткені мен келешегі зор екенін сенімді түрде дәлелдеп, алға сеніммен қарайды. Еңбек адамына қызмет етудегі жоғары кәсібилік, кәсіподақ мұраттарына адалдық Грузия кәсіподақтарының табысты қызметінің басты қағидасына айналды. Осы жылдар ішінде Грузия Кәсіподақтар Конфедерациясы Грузияда да, одан тысқары жерлерде де кең және лайықты мойындалды. Еңбекші халықтың игілігі жолындағы жанқиярлық еңбектеріңіз үшін, Грузияны қуатты және гүлденген елге айналдыруға деген адал ниеттеріңіз үшін Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын. Біз сіздермен іскерлік қарым-қатынасымызды және берік достығымызды жоғары бағалаймыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин өз құттықтауында.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап беретін жаһандық кәсіподақ қозғалысының негізгі міндеттері мен үйлесімді іс-әрекеттеріне ерекше тоқталды.

«Бүгінгі таңда, әлемдік турбуленттілік жағдайында азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі болып табылатын кәсіподақтар еңбеккерлерді қорғаумен және Еңбек адамының пайдасына заңдар әзірлеумен шектелмей, қызметтің әртүрлі салаларына көбірек еніп, өз функцияларын кеңейтуі керек. Бүгінгі кәсіподақтар өз мүшелерінің ғана емес, басқа да еңбекшілердің мәселелерін шешуге белсене атсалысуда. Жұмыспен қамту, зейнетақымен қамтамасыз ету, еңбек көші-қоны және әртүрлі әлеуметтік топтарға қатысты басқа да мәселелер кәсіподақтардың назарында. Еңбек қызметіне байланысты қоғамдық қатынастардың барлық салаларына қатысу қазіргі кезеңдегі кәсіподақ іс-әрекетінің стратегиясының ең маңызды элементі болып табылады. Біріктірілген іс-қимылдарсыз және кәсіподақтардың өзара іс-қимылын күшейтпейінше мүмкін емес өте күрделі міндеттерді шешу керек», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақ қозғалысындағы өкілдік дағдарыстары туралы айта отырып, ол негізінен экономикадағы жаһандық қайта құруларға, жаңа технологияларды енгізуге және бейресми жұмыспен қамтудың дамуына байланысты кәсіподақ мүшелерінің азаюын еске салды.

Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестік жүйесінде еңбекшілердің негізгі өкілі қызметін атқаратын кәсіподақтардың қол жеткізген артықшылықтарын нығайту қажеттігін атап өтті.

«Түрлі елдердің кәсіподақтары арасындағы үздіксіз байланыс, үнемі өзекті ақпарат алмасу және озық тәжірибеден пайдалы тәжірибе алу алға қойылған мақсаттарға қызмет етеді», – деп сенімін білдірді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының көшбасшысы.

Халықаралық кәсіподақ ынтымағын нығайтудағы және екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы ерекше еңбегін мойындай отырып, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Грузия Кәсіподақтар қауымдастығының президенті Ираклий Петриашвилиге Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Ынтымақтастық» наградасын табыс етті.

Сатыбалды Дәулеталин, сондай-ақ, 17 қарашада Мельбурн қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігін қалпына келтіруді қолдап дауыс берген барлық елдердің кәсіподақ көшбасшыларына алғысын білдірді.

 

ҚРКФ медиаорталығы