Ұстаз – ұлы есім

Архат Советұлы Мұхаметжанов Алматы қаласы Наурызбай ауданы №157 ЖББМ дене шынықтыру пәні мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, кәсіподақ бірлестігінің белсендісі, мұғалімдер династиясының жас өкілі болып табылады. Отбасында бес баланың кенжесі. Анасы Бақыт Шаяхметқызы – орыс тілі пәні мұғалімі, өзінің іскерлігі мен адал қызметінің арқасында көптеген марапаттарға ие болып, осы салада 48 жыл қызмет етіп, ардақты ұстаз ретінде зейнеткерлікке шыққан. Бүгінгі таңда әулетте екі келіні, екі немересі ұстаздық қызмет атқаруда. Отбасылық дәстүрді жалғастырған Архат Советұлы өз қызметін абыроймен атқаруда. Еңбек ұжымындағы жалпы еңбек өтілі – 14 жыл, соның ішіндегі педагогикалық еңбек өтілі – 6 жыл.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Алғыс хатымен, Қазақстандық салалық білім мен ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының төрайымы А.Мұқашеваның Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың Құрмет грамотасымен мадақталған.

Әріптестері: «Архат Советұлы – көңілді, әдепті және жауапты адам. Ол білім алушылар арасында беделге, ұжым арасында құрметке ие», – деген жақсы пікірде.