Қазақстандық және шетелдік ғалымдар өзекті мәселелерді талқылады

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалының құрамынына кіретін №2 қалалық аурухананың құрылғанына 45 жыл толуына орай, «Тәжірибелік медицинаның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Конференцияға Германия, Түркия, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары, сондай-ақ Қазақстанның белгілі ғалымдары арнайы қатысты. Екі күнге созылған шарада білікті дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, медицина саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Бұл шарада медицина мамандары тәжірибе алмасу арқылы өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып, ғылыми ізденістерін одан әрі дамыта алды. Жалпы конференцияда 88-доклад оқылып, барлығы 1071-адамды қамтыды.

Айта кетейік, 45 жылдық тарихы бар аурухананың қызмет көрсету сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Бүгінде аурухананың қабырғасында 1400-ге жуық қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде бастауыш кәсіподақ мүшелерінің саны 1205 адамды құрайды.

Қазіргі уақытта №2 қалалық ауруханада 390 төсек орны бар. Бұл медициналық мекеменің ерекшелігі көпсалалы аурухана, оның құрамында стационар, перзентхана, емхана бар, 13 бөлімшеден тұрады. Барлық бөлімшелер шұғыл және жоспарлы түрде терапевтік және хирургиялық бейіндегі пациенттерге білікті медициналық көмек көрсетіледі.

“Жылдан жылға медициналық қызмет сапасын арттырып, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында көмек түрін көбейтудеміз. Жоспарға сәйкес, келесі жылы аритмологиялық оталарды жасап, жоғары технологиялық операция түрін көбейтеміз”, – дейді әлеуметтік әріптес, аурухананың бас дәрігері Асқар Мұратұлы.