Поздравление Председателя Федерации профсоюзов Республики Казахстан с Новым годом

Құрметті әріптестер, қымбатты достар!
Санаулы күндерден соң біз жаңа – 2023 жылға қадам басамыз!
Жаңа жыл – әр үйге шаттық, үміт сыйлайтын мерейлі мереке ғана емес, өмірімізге жан-жақты назар аударып, есеп беретін шақ.
Биылғы жыл баршамыз үшін бірқатар игі істерге толы болды.
«Күш – бірлікте» демекші, Сіздердің қажыр-қайраттарыңыз бен ауызбіршіліктеріңіздің арқасында еліміздің кәсіподақтар қозғалысы бірталай жетістіктерге қол жеткізді.
Биылғы жылы Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясындағы мүшелігін қалпына келтірді.
Бұл – еліміздегі кәсіподақтар қозғалысы үшін асқақ абырой және еңбегіміздің жемісі.
Біз 2022 жылды Әлеуметтік әріптестік жылы деп жарияладық. Осы жыл аясында Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қолдау тапты. Атап айтқанда, Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданып, ең төменгі жалақы мөлшері ұлғайтылды. Ал кәсіподақтардың ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу жөніндегі көптен бергі бастамасы жүзеге асып, оны дайындау Үкіметке тапсырылды.
Сонымен қатар, өңірлердегі әлеуметтік әріптестік айтарлықтай алға жылжыды. Біз 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге жұмыскерлердің жағдайын жақсартатын бірқатар ережелерге бастамашы болдық. Халықаралық ынтымақтастық та жолға қойылды.
Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы еліміздің әлеуметтік-еңбек саласында өзекті мәселелерді шешуге толыққанды қатысу үшін сараптамалық және ұйымдастырушылық әлеуетке ие, екі миллионға жуық кәсіподақ мүшесін біріктіретін ең қуатты қоғамдық ұйым әрі қоғамның тірегі болып отыр.
Осы жылдың өзінде Федерация көмек сұрап жүгінген 2 200 еңбеккерлердің құқығын қорғады.
Осының барлығы жұмыскерлердің еңбек өмірінің сапасын арттыруға бағытталды. Бұл сіздердің күнбелікті қажырлы еңбектеріңіздің арқасы.
Алдағы 2023 жылдың еншісінде де айтулы оқиғалар мен ауқымды істер мол болмақ. Мәселен, қаңтар айынан бастап Кәсіподақтар федерациясы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне төрағалық етеді.
Жаңа жыл Әділетті Қазақстанның жаңа дәуірін жалғастырады деп кәміл сенемін.
Жаңа жыл баршамызды жаңа жетістікке, жаңа биікке жетелей берсін.
Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, береке, ырыс тілеймін! Жаңа жыл жақсылықтарға толы болып, қуанышты күндеріңіз көп болсын!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының
Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин