Үйлестіру кеңесінде алдағы жұмыс жоспары қаралды

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбектің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі өтті. Отырысқа салалық кәсіподақтардың төрағалары мен кәсіподақ активі қатысты. Күн тәртібінде 2022 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары, «QAZAQSTAN KÁSIPODAǴY» газетіне 2023 жылғы жазылу науқаны және 2023 жылға жұмыс жоспарын құру қаралды.


Жиында сөз алған Жарқынбек Айдарбекұлы 2022 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, қатысушыларды «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жылдық есебінің нәтижесімен таныстырып, атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтті. Одан бөлек, салалық кәсіподақтар төрағаларының жыл бойы атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, өткен жылды жақсы нәтижемен қорытындыланғанын алға тартты.

«Бүгінгі күні Кәсіподақ Бірлестігінің құрамында 7 салалық кәсіподақ филиалдары және 8 жергілікті кәсіподақтар бар, олардың құрамына 293 бастауыш кәсіподақ ұйымдары кіреді. Жалпы кәсіподақ мүшелерінің саны 52 424 -ны құрап отыр. Кәсіподақтың негізгі жұмыстарының бірі – бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу және оған мүшелер тарту. Шымкент қаласы бойынша 2022 жылы 15 бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, оған 2544 адам кәсіподақ мүшелігіне тартылды. Ол мекемелердің жұмыс берушілері мен кәсіподақ ұйымдары арасында ұжымдық шарттар жасалып, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан тіркеуден өткен. Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиясының 12 отырысы өткен. Кәсіподақтар бірлестігімен комиссияның күн тәртібіне 26 мәселе енгізілген, олардың басым көпшілігі оң шешімін тапқан. Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы акцияларының аясында ұйымдастырылған кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинар-оқытулар, салнатты шараларға 1,5 мыңнан астам адам қатысқан. Бұдан бөлек, республикалық «Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы шеңберінде – 110 бастауыш кәсіподақ ұйымында кездесу өтті. Оған 1693 кәсіподақ мүшесі қатысып, 17 мәселе көтеріліп, барлығы толықтай шешімін тапты» – деді Жарқынбек Айдарбекұлы.

Кәсіподақ қозғалысын дамыту, Еңбек адамын ұлықтау, әлеуметтік әріптестік бағыттарында жұмыстар туралы Бұқаралық ақпарат құралдарында 2 мыңнан аса материал жарық көрген, әлеуметтік желілердегі парақшаларда мыңнан аса жарияланымдар жасалды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша салалық кәсіподақ филиалдары басшыларының «QAZAQSTAN KÁSIPODAǴY» газетіне жазылу туралы мәліметтері тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ, жиында кеңес мүшелері 2023 жылғы жұмыс жоспар тапсырмалармен танысып, алдағы жылға іс-шара жоспарын талқылады.