ШҚО драма театры марапатқа ие болды

2023 жылы 27 қаңтарда Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестердің форумы өтті. Форум Әлеуметтік әріптестік жылы аясында өткен 2022 жылдың қорытындысына арналды.

ШҚО драма театрының салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Динара Қожақанова «Әлеуметтік әріптестердің ортақ мақсаттары – тиімді ынтымақтастықтың негізі» деген тақырыпта баяндама жасап, жұмыс берушімен еңбек консультацияларын өткізу тәжірибесіне тоқталды. Әлеуметтік әріптестердің тығыз қарым-қатынасы, жұмыла жасаған қызметі кәсіпорында қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқығын қорғайтын ұжымдық шартты қабылдауға мүмкіндік бергені жайлы атап өтті.

Форум аясында «2022 жылдың үздік ұжымдық шарты» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды.

Байқауға Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдардың бастауыш кәсіподақ ұйымдары қатысты. Өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша салалық кәсіподақтардың конкурстық комиссиялары жеңімпаздарды анықтады.

Шығыс Қазақстан облыстық драма театры мәдениет саласы мекемелерінің арасында Ұжымдық шарт бойынша өз қызметкерлері алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау бойынша елімізде үздік деп танылды.

Республикалық конкурстың жеңімпаздарын анықтау – ұйымдардың ұжымдық шарттарының сақталуын мониторингтеу, еңбектің қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету негізінде жүргізілді.

Шығыс Қазақстан драма театры бірден екі номинация бойынша марапатталды: оның бірі «Үздік ұжымдық шарты-2022» номинациясы болса, «Үздік әлеуметтік серіктес» марапаты театрдың Бас директоры Руслан Қайырсыновқа табысталды.

Сонымен қатар, театрдың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Динара Қожақанованы еңбекті және қызметкерлердің мүдделерін қорғау саласындағы белсенді жұмысы үшін Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалімен марапатталды.


​Форумның соңында қатысушылар барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік органдарының жұмысын сапалы жақсарту қажеттігін айтып, «Қауіпсіз еңбек жылы» жалпы күш-жігерді қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын жасауға жұмылдыруға шақырды.