БҚО Үйлестіру кеңесінің отырысында бірқатар мәселелер қозғалды

Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.


Күн тәртібінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2023 жылға арналған жоспары, Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының 2022 жылғы есебі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2023 жылғы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен маслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуы сынды мәселелер қарастырылды.

Шараның модераторы, «БҚО Кәсіподақтар орталығының» төрайымы Айгүл Оразқызы алдымен кеңеске қатысушыларды ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2023 жылға арналған жоспары мен 2022 жыл қорытындысын ҚРКФ Медиа орталығы дайындаған арнайы ақпараттық шығарылымынан тамашалауға шақырды.

Кеңес отырысын Айгүл Оразқызы Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының 2022 жылы атқарған жұмысы жөнінде қысқаша баяндама жасаумен жалғап, 27 қаңтар күні Астана қаласында өткен Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі отырысында қаралған мәселелермен таныстырды. 2023 жыл «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында ҚР Кәсіподақтар Федерациясының алға қойған жоспарларымен таныстырып, қысқаша шолу жасады.

Аталған шараға қатысушы Үйлестіру кеңесінің мүшелері күн тәртібіндегі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2023 жылғы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен маслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуы туралы, кәсіпорындардағы ұжымдық шарттарға толықтырулар мен өзгертулер енгізу мәселелері бойынша ойларын ортаға салды.

Үйлестіру кеңесінің соңында салалық және жергілікті кәсіподақ төрағаларына тапсырмалар беріліп, алдағы жылға бағыт-бағдар айқындалды.