Теміржолшылардың жалақысы көтеріледі

Қызметкерлердің әл-ауқатын арттыру жөніндегі шаралар аясында айтарлықтай қаржылық салмаққа қарамастан, «Қазақстан Ұлттық Теміржолы» компаниясы ағымдағы жылы бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруға ниетті.

«Қазкөліккәсіп» ҚБ Орталық кеңесінің аппараты төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитовтың айтуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап желілік кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысы 5%-ға өсті, сондай-ақ, негізгі өндірістік персонал қызметкерлеріне ағымдағы сыйақымен қамту жоспарлануда.

Сонымен қатар, 2023 жылдың 1 наурызынан бастап қызметкерлер жалақысын 10%-ға арттыру жоспарлануда. Осы мақсатта Компания мемлекеттік органдармен, Қазақстан Республикасы Үкіметімен бірлесіп, магистральдық теміржол желісі қызметтеріне реттелетін тарифті арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.

«Әлеуметтік пакетті жақсарту және теміржолшылардың қолайлы еңбек жағдайларын жасау жөніндегі жұмыс жалғасатын болады», – дейді Ж.Сәбитов.