Шымкенттік кәсіподақтар алдағы жұмыс жоспарын талқылады

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі өтті. Кеңес отырысына салалық кәсіподақтар филиалдарының төрағалары, кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты. Күн тәртібінде бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер қаралды. Тарқатып айтсақ, жиын барысында ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Атқару комитетінің Бас Кеңесінің 2022 жылғы қорытындылары, ағымдағы 2023 жыл – «Еңбек қауіпсіздігі жылы» туралы, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі, техникалық инспекторлар жұмысын жүйеге келтіру және келісу комиссиясы, еңбекті қорғау және еңбек заңнамалары бойынша семинар оқытулар ұйымдастыру, сонымен қатар, Медиация және Заң клиникасы жұмысын жүргізу, «QAZAQSTAN KÁSIPODAǴY» газетіне 2023 жылғы жазылу науқанының барысы жайлы сөз өрбіді.

Жиын барысында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев 2023 жылы 27 қаңтарда Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысында қаралған өзекті мәселелермен бөлісіп, 2022 жылдың қорытынды жұмыстарының нәтижесін баяндап, жаңа міндеттермен бөлісті.

«Қазіргі таңда Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, адам өлімінің жиілеп кеткен жағдайы мен өндірістік жарақаттану деңгейінің жоғарлауы ерекше алаңдаушылық тудырады. Енді елімізде 2023 жылы еңбек қауіпсіздігі басты назарда болады. Осыған орай, еліміздің бас қаласы Астанада өткен Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы Әлеуметтік әріптестік жылының нәтижелерін қорытындылауға арнаған «Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары» атты форумында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталин 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялады,» – деді АКБ төрағасы Бауыржан Әлтеев.

Үйлестіру кеңесінің отырысында қатысушылар ҚР Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесі отырысының қорытындыларымен, Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақтық оқытудың қабылданған тұжырымдамасымен, Елордамыз Астанада өткен «Жаңа қоғамдық келісім: Әділетті еңбек қатынастары» Әлеуметтік әріптестер форумда айтылған мәселелермен толыққанды ақпараттандырылып, кәсіподақ жұмысының өзекті бағыттарын айқындап, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі, техникалық инспекторлар жұмысын жүйеге келтіру және келісу комиссиясы, еңбекті қорғау және еңбек заңнамалары бойынша семинар оқытулар ұйымдастыру, сонымен қатар, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау, яғни Медиация және Заң клиникасы жұмысын жандандырып жүргізу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін өзектендіру бойынша жұмыстарды атап өтті.