«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында кездесу өтті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК-нің бастауыш кәсіподақ ұйымында арнайы жиын өтті.

Кездесуге Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК-нің басшысы Ғани Құрманбай, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Төлеген Қонқабаев және кәсіподақ активі қатысты.

Өз кезегінде сөз алған Сапарғали Шолданбаев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен 2023 жылы «Қауіпсіз еңбек жылы» болып жарияланғандығын атап өтіп, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, еңбек қатынастарын реттеу және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында техникалық инспекторларға олардың құқықтары мен өкілеттіктерін түсіндіріп өтті.

Бұдан бөлек, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету мақсатында Кәсіподақтар орталығында «Заң клиникасы» мен «Татуласу орталығы» құрылып, кәсіподақ мүшелеріне тегін қызмет көрсетіліп жатқандығын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, жиында бастауыш кәсіподақ ұйымының 2022 жылы атқарылған кәсіподақ жұмысының есебі тыңдалып, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарып келген Төлеген Қонқабаевтың кәсіподақ мүшелерінің бірауыз қолдауымен қайта сайлануымен өз жалғасын тапты.

Айта кетерлігі бүгінде мекемеде екі мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Олардың барлығы 100 пайыз кәсіподақ мүшелері.