Ұлы мамандық иесі

Өмірдің өзі де ұстаз. Бірақ, осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру – тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Бүгін біз «Еңбек адамы» айдарындағы кезекті шығарылымымызда жас ұрпақты оқытуда бақытын тапқан жандардың бірі тарих-география пәндерінің мұғалімі Алтаев Бағлан Қосанұлы жайлы өрбітуді жөн көрдік.

Алтаев Бағлан Қосанұлы 1985 жылы 10 маусымда Түркістан облысы, Түркістан қаласы Құсшы-ата ауылында дүниеге келген. Туылған ауылында 11 жылдық Мұстафа Қазыбеков мектебін үздік бітіріп, өмір жолында ары қарай білімін жетілдіру үшін Қазақ-Ресей университетінде тарих-география пәні бойынша жалғастырып, 2007 жылы аталған оқу орнын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2010 жылдан бастап өзінің туған өлкесі Құсшы-ата ауылындағы №15 «Төрткүл-төбе» жалпы орта мектебінде тарих-география пәндерінің мұғалімі болып жұмысын жалғастырып келеді. Жұмыс барысында толағай табыстар мен жетістіктерге жеткен.

2015-2018 жылдар аралығында Кентау қаласынан ашылған Республика төңірегінде шығатын «Ғасыр» газетінің бас редакторы болып қосымша жұмыс атқарған.

Алтаев Бағлан Қосанұлы жұмыс барысында Кентау қалалық білім бөлімі, Кентау қаласы әкімдерінің марапатына, маслихат депутаттарының мадақтамаларына қол жеткізген.

Ол жұмыс барысында өзінің хоббиі ретінде мектеп аралық, ауыл аралық спорт турнирі волейбол, футбол, стол теннисі жарыстарының бірнеше жеңімпазы болған.

Атап айтар болсақ, ұлттық құндылықтарымыздың бірі көкпар ойындарының жеңімпазы. Осы Кентау қаласының атынан 2020-2021ж, 2021-2022 жылдары Облыс көлеміндегі ат спорттарының «Тұран тұғыры» байқауының жеңімпазы.

2021-2022 оқу жылы барысында №15 «Төрткүл-төбе» жалпы орта мектебінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында ат спортының дамуына білім саласымен қоса жұмыстар атқаруда.

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау», – деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту.