Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар оқытылды

Білім беру ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі еңбек заңнамасының нормаларын сақтау үлкен маңызға ие, өйткені, денсаулық пен өмірді қорғау осыған байланысты. Еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсарту, техникалық инспекторлар жұмысының маңыздылығын арттыру және әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту мақсатында  қаңтар айында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының Қарағанды облыстық филиалымен бірлесіп техникалық инспекторларды оқытып, білімдерін тексерді. Семинарға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар, Қарағанды облысының білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.


Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша жалпы кәсіби құзыреттерді дамыту бойынша оқыту Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия ұсынған жаңа оқу бағдарламасына сәйкес жүргізілді.

Семинар бағдарламасында Қазақстан Республикасында еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің құқықтық негіздері, еңбекті қорғауды басқару жүйесін ұйымдастыру, өндірістік жарақаттанудың жай-күйі мен себептерін, өндірістік факторларға байланысты кәсіптік науқастар мен сондай науқастарды есепке алу және талдау, әлеуметтік әріптестік нысандары мәселелері қарастырылды. Құқықтық базаны құру, ұжымдық шарт пен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі келісімнің көмегімен еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты тиімді ұйымдастыру мәселелері бойынша семинар жаттықтырушысы Ардақ Омарова практикалық тапсырмалар берді, онда қарапайым мысалдар арқылы семинарға қатысушылары өздерінің қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін дербес бағалай алды. Оқытуды бағалау үшін қатысушылар семинар мәселелері бойынша тестілеуден сәтті өтті.

Барлық қатысушыларға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша жалпы кәсіби құзыреттіліктерді дамыту бойынша қырық сағаттық оқу курсынан өткені туралы сертификаттар табыс етілді.