Мектеп жүрегі – мұғалім

Ұстаздық – киелі әрі мақтан тұтарлық мамандық. Ұстаз – бала болмысына өзгеріс енгізуші, оған бағыт-бағдар беруші. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», – деп ұлы Абай айтып кеткендей, білімді де білгір шәкірт тәрбиелеу ұстаздан басталары сөзсіз. Ұстаздарымыздың бар бақыты өзі тәрбиелеп, өзі білім беріп отырған оқушыларында екені рас. Ендеше, осындай бақытты ұстаздарымыздың бірі Қарой жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Темірбекова Алтынай Жанатқызы болмақ.

Темірбекова Алтынай Жанатқызы мектеп қабырғасынан қанаттанып шығысымен 1993 жылы Қарағанды педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1995 жылы тәрбиеші мамандығы бойынша тәмамдайды. Сол жылы тамыз айында Қарағанды қаласындағы «Жұлдыз» балабақшасында тәрбиеші болып жұмысын бастайды. Осылай бала тәрбиесін басты қару етіп алған Темірбекова Алтынай Жанатқызы 2001 жылы Нұра ауданына ауысып, Бірінші май негізгі мектебінде дайындық сыныбының мұғалімі болып еңбегін жалғастырады. Еңбек ете жүріп, білімін шыңдауды да ұмытпаған Темірбекова Алтынай Жанатқызы 2002 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне түсіп, 2005 жылы аталған университетті «Педагогика және бастауыш сынып әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдады. 2006 жылдан 2007 жылға дейін Нұра ауданының Щербаковский орта мектебіне ауысып, бастауыш сыныбының мұғалімі болып қызмет атқарды. 2007 жылдан бастап Қарой мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет істеп келеді.

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім болса, осы жүректілікті Темірбекова Алтынай Жанатқызының бойынан байқауға болады. Алғашқы шәкірттері оқуларын бітіріп, еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүр.

Әрбір білім беріп, сусындатқан шәкірттері аудандық түрлі конкурстарда топ жарып, облыстық деңгейде де бақтарын сынап, бәйгелі орындарды қолдан бермей жүргені ұстаздар қауымына анық. Тіптен облыста топ жарған шәкірттері Республика деңгейінде де оза шауып, жүлделі орындардан көрініп, ұстаздарының айбынын асырып жүргені ұстаздың берген сапалы білімі мен үлгілі өнегесінің арқасы десек артық емес.