Сатыбалды Дәулеталин: «Орталық Азия кәсіподақтарының мақсаты – барлығы үшін әділ еңбек қатынастары»

Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ташкентке жұмыс сапарымен барды.

Өзбекстан астанасында ОАЕКК басшысы бірқатар кездесулер өткізді. ОАЕКК Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин әріптесі, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Қудратилла Рафиковпен Кеңес отырысының алдағы күн тәртібін, сондай-ақ, Ұлттық кәсіподақ орталықтары – Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі мүшелерінің бірлескен іс-шаралар жоспарын талқылады.

Сатыбалды Дәулеталин Орталық Азия мемлекеттерінде еңбеккерлердің мүддесін алға бастыру Кеңес мүшелерінің алдында тұрған өзекті міндет болып қала беретінін атап өтті.

«Әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдай әлеуметтік-еңбек қатынастарына және жалпы еңбек нарығына ықпал ететіні сөзсіз. Біздің елдеріміз белгілі бір күрделіліктерге тап болуда, барлық еңбеккерлердің әл-ауқаты мен өркениетті еңбек қатынастарының тағдыры осы сын-тегеуріндерді  еңсеруге байланысты. Сондықтан Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының алдында тұрған маңызды міндет – Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресінде қабылданған Жаңа қоғамдық келісім арқылы адам құқықтарын жан-жақты қорғау және олардың мүдделерін тиімді көрсету. Біздің Кеңес аясында бірлескен шешімдерді жылдам қабылдауға мүмкіндік беретін іс-шаралар жоспары әзірленді. Орталық Азиядағы кәсіподақтардың мақсаты – аймақтағы барлық еңбеккерлер үшін әділ еңбек қатынастары», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Қудратилла Рафиков халықаралық еңбек стандарттарын алға бастыру үшін әлеуметтік әріптестермен тығыз қарым-қатынасты дамытуда ортақ тәсілдерді жүзеге асыруға өз елінің кәсіподақтар қозғалысының бейілділігін ерекше атап өтті.

«Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі аясындағы бірлескен іс-шараларымыз лайықты еңбек стандарттары мен әлеуметтік әділдікке ұмтылуда, еңбек көші-қоны мәселелерін, қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудегі ортақ мәселелерді шешуде ынтымақты нығайтады», – деді Кудратилла Рафиков.

Кездесу барысында ОАЕКК аппаратының басшысы Бауыржан Ахметулин Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің ресми сайтының жобасымен таныстырды, бірлескен талқылаудан кейін ол келісілді.

Жұмыс сапары аясында ОАЕКК Бас хатшысы – ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ташкенттегі қайта жөндеуден кейін есігін айқара ашқан Кәсіподақтар сарайының қызметімен танысты.

ОАЕКК басшысы Өзбекстанның кәсіподақ шипажайлары – Zarkent және Chimgan шипажайларында да болып, өзбек әріптестері Орталық Азия аймағындағы кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын жақсарту мүмкіндіктерімен таныстырды. Мұнда Өзбекстанда шығарылған соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар орнатылған.

Айта кету керек, қазіргі уақытта ОАЕКК аясында кәсіподақ мүшелерін Кеңеске мүше елдердің кәсіподақ санаторийлерінде санаторлық-курорттық-сауықтыру қызметтерімен қамтамасыз ету үшін Бірыңғай кәсіподақтық сауықтыру және туризм картасы әзірленуде.

Еске сала кетейік, 2021 жылғы 10 қарашада Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Қудратилла Рафиков пен Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Маликшо Нематзода Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесін (ОАЕКК) құру туралы Хаттамаға қол қойды.

Өткен жылдың 21-23 қыркүйегінде Ташкентте өткен Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің мүшелері – қатысушы елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтары көшбасшыларының ІІ отырысында ұйымға жаңа мүшелерді – Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы мен Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясын олардың бұрын жіберген өтініштері бойынша енгізу туралы шешім қабылданған болатын. Кеңес мүшелерінің бірауыздан қабылданған шешімімен ұйымның бас хатшысы болып қазақстандық кәсіподақтардың көшбасшысы, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сайланды.

Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстанда Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы өкілдерінің қатысуымен ОАЕКК мүшелерінің Субаймақтық форумы өтеді. Оның аясында Орталық Азиядағы жұмысшы жастардың мәселелерін қарастыратын Бірінші Жастар форумы да өтеді.

ҚРКФ медиаорталығы