Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша семинар-тренинг өтті

Шымкент қаласында «КОРПОРАЦИЯ «БЕРЕКЕ А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлеріне еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғауға байланысты семинар-тренинг өткізілді.


«КОРПОРАЦИЯ «БЕРЕКЕ А» серіктестігі – Шымкент қаласында жол құрылысы саласында 25 жылдан астам тарихы бар ірі компаниялардың бірі. Компания автомобиль жолдарының құрылысымен және бетон өндірісімен айналысады. Бүгінде компанияда 200-ден аса қызметкер жұмыс жасайды.

Семинарға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов қатысты. Жиын барысында өндірістік жарақаттанудан, кәсіби аурушаңдықтан сақтану, өндіріс орнында тәуекелдерді азайту және қауіптерді жою үшін қауіпсіз жұмыс ортасын қамтамасыз ету маңыздылығы жөнінде сөз өрбіді. Кездесуде Жарқынбек Айдарбекұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға өндірістегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздерін, сондай-ақ, еңбек жағдайын жақсарту жөнінде түсіндірді. Одан өзге, Қазақстан Республикасы Заңнамалығына сәйкес әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені түсіндірілді.

Сөз соңында төраға орынбасары Жарқынбек Құрманбек компания қызметкерлерін кәсіподаққа мүшелікке кіруге шақырып, бастауыш кәсіподақ ұйымын ашу жолдары мен кәсіподақ ұйымы бар мекемелердің артықшылықтары жайлы айтып өтті.