Кәсіподақ асық ату ойынын ұйымдастырды

Наурыз мерекесі қарсаңында ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі – асық атуды кең көлемде дамыта бастады. Алғашқы сайыс Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері арасында өтті, келесі ойындар Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттарында ұйымдастырылмақ. Ал финалда компания филиалдары бір-бірімен жарысатын болады.

Жақында Дөң тау-кен байыту комбинатының дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде жұмысшылар арасында алғаш рет асық атудан сайыс өтті. Цех қызметкерлері қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойынына қуана қатысты.

Айта кеткен жөн, комбинатта асық ату ойыны кәсіподақ демеушілігімен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әр цехтан ұлттық ойынды меңгерген 17 жұмысшы бақ сынасты. Сақаларын сайлап келгендердің арасынан мергендер анықталды. Дөң тау-кен байыту комбинаты Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтаның жұмысшысы Еркен Ахметов бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынға теміржол цехының намысын қорғаған Олжас Ертаев лайық деп танылды. Басқару аппаратының қызметкері Исатай Махамбеттің қанжығасына үшінші орын бұйырды.


Ойын ережесі ерекше форматта өтті. Қатысушылар асықпен алшы, тәйке, бүк, шік деп төрт топқа бөлінді. Асық атудың ережесіне сай – асықтарды шеңберден шығару, әр қатысушы 7 минуттың ішінде қарсыластарынан неғұрлым көп асық шығарып үлгеру керек болатын. Ойыншылар сайыста ептілік танытып, дәлдіктерін көрсетті.

– Шараны өткізудегі мақсат – жұмысшылар арасында асық ату ұлттық ойынын насихаттау, ұлттық спортты дамыту және халықты салауатты өмір салтына шақыру. Ойын жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың жастары әртүрлі, – деді комбинаттың кәсіподақ комитенің өкілі Роллан Тілемисов. – Бірақ барлығы да асқан қызығушылықпен қатысты. Дәстүрлі ойынымызды ұмыт қалдырмай, кеншілер арасында асық атуды қайта еске салғанымызға қуаныштымыз. Енді мұндай ойын түрлерінен жарыстар өткізуді жиірек ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.